Accessibility links

Бүгін Лондондағы Олимпиада ойындары аяқталады


Лондон олимпиадасы
Лондон олимпиадасы

Бүгін Лондондағы жазғы Олимпиадалық ойындар аяқталады. Жергілікті уақыт бойынша сағат 21-де (Астана уақытмен түн жарымы ауа) Олимпаданың жабылу салтанаты басталады.

Алтын медаль саны жөнінен бірінші орынға АҚШ шықса, Қытай мен Ұлыбритания 2-3 орынды бөлісті. Қазақстан, әзірге 6 алтын, 4 қола медальмен 13 орында келеді. Бүгін кешке рингке шығатын боксшылар Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетовтің нәтижелеріне байланысты бұл жағдай өзгеруі мүмкін.

Лондон олимпиадасының жабылу салтанаты «Британ музыкасының симфониясы» деген атауға ие болды. Азаттық радиосы орыс қызметінің Лондондағы тілшісінің хабарлауынша, салтанатты рәсімге 4 мыңнан астам орындаушылар қатыспақшы.

Үш сағатқа созылатын шоу британдық рок және поп-топтар мен Лондон симфониялық оркестірінің орындауындағы Эдуард Элгардың музыкасы арқылы айшықталмақ. Джордж Майкл, Элтон Джон, Рэй Дэвис, Энни Леннокс, Джесси Джей, The Who, The Spice Girls, The Pet Shop Boys, Muse және басқа топтары ән салады.

Лондон Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің төрағасы лорд Коу мен халықаралық олимпиада комитетінің төрағасы Жак Роггенің жазғы ойынның жабылғаны туралы сөзінен кейін Олимп оты жанып тұрған 204 жапырақша осы олимпиадаға қатысқан 204 елге табыс етіледі.

Лондон Олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанатына Параолимпиаданы қоса алғандағы жұмсалған қаржы 81 миллион фунт-стерлингке жеткен (шашамен 130 миллион АҚШ доллары).
XS
SM
MD
LG