Accessibility links

Сәпиевтің алтыны соңғы күннің көркіне айналды


Олимпиада чемпионы атанған қазақ боксшысы Серік Сәпиев алтын медалін сүйіп тұр. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл
Олимпиада чемпионы атанған қазақ боксшысы Серік Сәпиев алтын медалін сүйіп тұр. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл

Олимпиаданың соңғы күні қазақ боксшысы Серік Сәпиев алтын, тағы бір боксшы Әділбек Ниязымбетов күміс, еркін күрес балуаны Ақжүрек Таңатаров қола медаль жеңіп алды.

Лондон олимпиадасының соңғы күні сайысқа түскен қазақстандық спортшылардың ішінде мамандар мен жанкүйерлер үміт артқандары да осы үшеуі болатын.

"ҚҰЛАҒЫН ҚЫРШЫП АЛДЫ"

Еркін күрес бойынша ел құрамасына жалғыз медаль әперген Ақжүрек Таңатаров 66 кг салмақта белдесуге шыққан. Алғашқы екі кезеңнен украин және армян балуандарын шеберлікпен жығып, жартылай финалға шыққан спортшы үндістандық Сушил Кумармен белдесуде құлағын зақымдап алды.

Алғашқы кезеңде алға шыққан қазақ балуаны соңғы кезеңдерде ұпай саны бойынша ұтылды. Белдесуді бастан-аяқ бақылап отырған әлеуметтік желі қолданушылары "Ақжүректің құлағын қыршып, көзін шұқып алған үндістандық палуанға" деген реніштерін жазысып, қазақ бапкерлердің "неліктен дер кезінде наразылық танытпағанына" ашуланып жатты.
Олимпиаданың қола жүлдегері атанған қазақ балуаны Ақжүрек Таңатаров. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл
Олимпиаданың қола жүлдегері атанған қазақ балуаны Ақжүрек Таңатаров. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл

Қола жүлде үшін болған тартысты белдесу кезінде түрік палуаны Ақжүрек Таңатаровтан бірінші кезеңде басым түсті. Әсіресе ту сыртынан құшақтап жатып, алға ұмсына аяқтарын жоғары көтеріп, ырғалып барып қазақ балуанын кілемнен жұлып алған сәті ерекше есте қалды.

Бірақ екінші және үшінші кезеңде Таңатаровтың қимылы керісінше ширай түсті. Қарсыласынан әлдеқайда шапшаң түрде және жиірек әдістер жасай отырып, таза жеңіске жетті. Бұған дейін грек-рим күресі бойынша түскен бір қола жүлдеге еркін күрестен тағы бір қола қосылды.

БОКСШЫЛАРДЫҢ ТАБЫСЫ

Осы күні рингке шыққан екі қазақ боксшысы да есте қаларлықтай жекпе-жектер өткізді. Әуелі 69 кг салмақта сайысқа шыққан тәжірибелі Серік Сәпиев жастау ұлыбританиялық қарсыласын залдың жерлесін қолдауына қарамастан айқын басымдылықпен жеңді. Үш раунд бойы Сәпиев бір сәт тоқтамай соққы жасаумен болды. Қазақ боксшысы ірі есеппен ұта бастағанда ұлыбританиялық жанкүйерлерге толы зал таблодағы есепке еш наразылық танытпай үнсіз қалды. Жекпе-жек аяқтала сала қызу талқылауға кіріскен кейбір әлеуметтік желі қолданушылары Сәпиевтің Баркер кубогына лайық екенін атап өтті.
Қазақ боксшысы Серік Сәпиев. Лондон, 7 тамыз 2012 жыл
Қазақ боксшысы Серік Сәпиев. Лондон, 7 тамыз 2012 жыл

Іле-шала 81 кг салмақта ресейлік боксшымен жұдырықтасқан Әділбек Ниязымбетов жартылай финалға қарағанда жинақырақ, әрі ширағырақ көрінді. Ресейлік спортшымен салыстырғанда рингте жылдам қозғала білгенімен үш раундтан кейін есеп теңбе-тең күйінде қалды. Бұл жолы қазылар жеңісті ресейлік спортшыға берді. Солайша Ниязымбетов Лондон олимпиадасында күміс жүлде алған жалғыз қазақ спортшысына айналды. Бұған дейін жартылай финалда жеңілген қазақстандық боксшы Иван Дычко қола жүлде иеленген болатын.

Қазақстан олимпиадалық құрамасы Лондонда алтын медаль алу бойынша жеке рекордын жасап (7 алтын), жалпы медаль саны бойынша Бейжің олимпиадасындағы ірі табысын (13 медаль) тағы бір қайталады. Қорытынды жалпы командалық есепте Қазақстан 7 алтын 1 күміс 5 қола медальмен 12-орынға шықты.
XS
SM
MD
LG