Accessibility links

БҰҰ-ның гуманитарлық көмек басшысы Сирияға барды


БҰҰ-ның гуманитарлық операцияларды үйлестіру мекемесі басшысы Валери Амос. Сеул, 24 қазан 2011 жыл.

БҰҰ-ның гуманитарлық операцияларды үйлестіру мекемесі басшысы Валери Амос. Сеул, 24 қазан 2011 жыл.

БҰҰ-ның гуманитарлық операцияларды үйлестіру ведомствосының басшысы Валери Амос Сирияға барды. Ол мұнда үкімет және Қызыл Крест ұйымының өкілдерімен қақтығыс аймақтарында қалып қойған немесе үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізу мәселесін талқылайды.

Сарапшылардың дерегі бойынша, оппозиция мен Башар Асад режимі арасындағы қақтығыстардан 2 миллионға жуық адам зардап шеккен. Бір миллионнан астам адам босқынға айналған.

Ал бүгін бұдан ертелеу Башар Асадтың ресми өкілі Бутайна Шаабан Пекинге барды. Онда Шаабан Қытай сыртқы істер министрі Ян Цзечимен Сириядағы қақтығысты реттеу турасында келіссөздер жүргізбек.

Бүгін бұған қоса Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Ислам конференциясы ұйымының екі күндік саммиті басталды. Саммитте Сирияны ұйым мүшелігінен шығару мәселесі күн тәртібіне қойылады.

Соңғы хабарларға қарағанда, Алеппо мен Дамаскіде үкімет әскері көтерілісшілерге танкі мен әуеден шабуыл жасап жатыр.

Ал Reuters агенттігі көтерілісшілерге көмекке Ливиядағы азаматтық соғысқа қатысқандар отрядының барғанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG