Accessibility links

Оппозициядағы Әбілевтің өтіп бара жатқан уақыты


Қазақстан оппозициясы өкілдері (солдан оңға қарай): Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілев, Асылбек Қожахметов, Гүлжан Ерғалиева. Алматы 2005.
Қазақстан оппозициясы өкілдері (солдан оңға қарай): Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілев, Асылбек Қожахметов, Гүлжан Ерғалиева. Алматы 2005.

Соңғы он жылда белсенді оппозициялық саясаткер ретінде көрінген Болат Әбілев қыркүйектің 15-сінде 55 жасқа толады. Миллионерден оппозиционерге айналған саясаткерге әріптестері түрліше баға береді.

«Болат Әбілевтің бизнесте жолы болып, 90-жылдардағы қазақ буржуазиясының алдыңғы сапынан көрінуіне әуелден қанында бар тектілік себеп болды» деп жазады журналист Гүлжан Ерғалиева. Оның жазуына қарағанда, Әбілев - 1960 жылдары Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге беруге қарсы шыққан Қазақ ССР министрлер советінің төрағасы Жұмабек Тәшеновтің ұрпағы.

«БҮКШЕҢДЕП КӨМІР ҚАЗДЫ»

«Болат тау-кен институтының 2 курсында оқып жүріп-ақ шахтаның тар лавасында күніне 6-8 сағат бүкшеңдеп көмір қазды. Әлеуметтік әділдік дегеннің не екенін 2 жыл шахтер, 5 жыл тау-кен инженері болғанда-ақ түсінді» дейді Гүлжан Ерғалиева.

Ал советтік таптық биографияның жетістіктеріне күмәнданушылар, Әбілевтің табысқа жетуінің сырын «Қарағанды облыстық тұтынушылар одағының төрағасы, әкесі Мұқыштың Қарағанды облысында жұмыс істеген Нұрсұлтан Назарбаевпен қызмет бабы бойынша араласқанынан» іздейді. «Оны Сара Назарбаеваның інісі» дейтіндер де жеткілікті. Бірақ Әбілевтің өз сөзіне қарағанда, оның "бірінші ханымға" қатысы жоқ.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЛАМСАБЫ»

1987 жылдан кейін Әбілев бірер жыл мұнай саласында да жұмыс істеді, республикалық ақшалай-заттай лотереялық ұтыс ойынының директоры болып халыққа лоторея ойнатып та көрді. Ал Қазақстан тәуелсіздігі қарсаңында «Бутя» фирмасын құрып, танымал кәсіпкерге айналды. Арада бір жыл өте Сара Назарбаева басқаратын «Бөбек» қорының қайырымдылық аукционынан Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламсабын 20 мың АҚШ долларына сатып алды.

«Сол кезде аса қомақты саналатын бұл қаржыға Назарбаевтың қаламсабын сатып алу арқылы жағымпаздық үлгісін көрсетіп, жеке
Болат Әбілев (сол жақта) және Нұрсұлтан Назарбаев.
Болат Әбілев (сол жақта) және Нұрсұлтан Назарбаев.
бизнесіне даңғыл жол ашты, алғашқы алыпсатарлардың даңғаза мәдениетін танытты» дейді бұл жөнінде кейбір саясаткерлер.

«Ол қаламсаппен Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның БҰҰ-ға қабылданғаны туралы құжатқа қол қойған болатын. Сондықтан көрінгеннің қолында кеткенін қаламадым. Оның үстіне аукционнан түскен қаржы балалар үйіне жұмсалатын еді, әрі компанияма тамаша жарнама болды» дейді Әбілевтің өзі. Алматы қаласының күнін атап өту кезінде кәсіпкердің зейнеткерлерге қалалық қоғамдық көлікте жүруді тегін еткен кампаниясы да кейбір жұрттың әлі есінде.

«Бутя» фирмасының жарнамасы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан ракетамен ғарышқа самғағанына 1990 жылдардың бас кезіндегі "жабайы капитализмнің" жемісін жей бастаған Қазақстан халқы да куә болған еді. Бірақ Әбілевтің «Алаш» әдеби сыйлығын қаржыландырғаны Алла Пугачева бастаған ресейлік поп-жұлдыздарға жасаған сыяпатының тасасында қалып қойды.

«ҰЛТЫ» ДЕГЕНДІ АЛЫП ТАСТАУ КЕРЕК...»

1994 жылы Болат Әбілевтің өзі секілді жас бизнесмендерден «Новое поколение» атты саяси қозғалыс ұйымдастыруға талпынғаны қазіргі уақытта ұмытыла бастағандай көрінеді.

Бірақ Болат Әбілев, Нұржан Сұбханбердин, Нұрлан Смағұлов, Райымбек Баталов пен Қозыкөрпеш Есенберлиндер бастаған 150-ден астам кәсіпкердің президент Нұрсұлтан Назарбаев пен жоғарғы кеңеске жолдаған үндеуін жұртшылық естен
Болат Әбілев. Алматы, 5 қыркүйек 2012.
Болат Әбілев. Алматы, 5 қыркүйек 2012.
шығармайды. «Жаңа қазақтардың» 1994 жылы 22 желтоқсанда «Казахстанская правдада» жарық көрген бұл үндеуінде жерді жекеменшікке өткізіп, орыс тіліне де мемлекеттік тіл дәрежесін беруді жалпыұлттық референдумға шығару жөнінде ұсыныс жасалған еді.

Олар «қазақстандық ұлт» дегенді алға тартып, төлқұжаттан «ұлты» деген жолды алып тастауды да осы жолы айтқан болатын. Қазақ тілді басылымдар «ана сүтін өгей емген, отаншылдық сезімнен құралақан дүбәра бейбақ, кеудесіне нан піскен буржуалардың» әрекетіне «тиесілі» бағасын беріп жатты.

Алайда олар кәсіпкерлердің үндеуі небәрі бір апта бұрын, яғни 1994 жылғы желтоқсанның 15-і күні президент Назарбаевтың өзі жоғарғы кеңеске «байқап көру» үшін жасаған тура сол «орыс тіліне де мемлекеттік тіл дәрежесін беру» ұсынысын бірауыздан қолдау акциясы екеніне назар аудармаған сыңай танытты. Бұл кезде Болат Әбілев Нұрсұлтан Назарбаевтың штаттан тыс кеңесшісі еді.

Осы кезеңде басталған купон саясаты ізінше дауға ұласып, «Карметкомбинатты» басқару құқығынан айырылып қалған Әбілев үкіметті сынауға кірісті.

«Отан» партиясын билік партиясы деп санайды. Онда тұрған не бар? Экономика мен саясатты сынау үшін оппозицияға кетудің қажеті не?» деп сұқбат берген Әбілев 1999 жылы «Отан» партиясының нөмірі бесінші кандидаты ретінде
Әкежан Қажыгелдин. Страсбург, 25 сәуір 2006.
Әкежан Қажыгелдин. Страсбург, 25 сәуір 2006.
парламент сайлауына түсті. Бұл кезде Әкежан Қажыгелдин оппозицияға кеткен болатын.

Әйтсе де Әбілевтің депутаттығы ұзаққа созылмады. «Отанда» отырып үкіметті оңды-солды сынай бастаған ол 2001 жылдың күзінде Тоқаев үкіметінің «киндерсюрприздерімен» бірге қарсы бетке өтті. Есесіне «Отан» партиясы Әбілевтің мандатын мерзімінен бұрын қайтарып алды.

«Назарбаевты «папа» деген Әбілевтің оппозицияға өтуі көпшілікті екіұдай ойға қалдырды. Кейін алдынан бірнеше рет шыққан осы сөзге байланысты жауабында Әбілев ол ақпаратты Рахат Әлиевтің иелігіндегі КТК мен «Хабар» арналары жұртшылыққа бұрмалап таратқанын жеткізген еді.

Өзінің айтуынша, Қазақстан кәсіпкерлер одағының төрағасы ретінде 2001 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық бизнесмендермен кездесуін ұйымдастырған кезде ол «президент отандық кәсіпкерлерге әкесіндей қамқорлық көрсетуі тиіс» дегенді меңзеген.

«ҚОСЫЛУ МЕН АЖЫРАСУЛАР»

2001 жылдан кейінгі Болат Әбілевтің саяси әрекеттері Қазақстандағы саяси режим ауанына қарай бірнеше рет құбылып, түрлі бағыттағы оппозициялық партиялардың бел ортасынан табылды. Радикалды қадамдарымен көзге түскен Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысынан (ҚДТ) дереу іргесін ажыратып, ымыралы «Ақ жол» партиясын құрған тең төрағалардың ортасында ол да жүрді.

«Ақ жол» екіге жарылғанда «Нағыз Ақ жол» жағына шыққан Болат Әбілев Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейін «Азат» партиясының дара төрағасына айналса, 2007 жылы ЖСДП-мен «қосылып» тең төрағалыққа қайта көшті. Бірақ соңғы парламент сайлауы бұл партияның әлі құжат жүзінде де, идеялық тұрғыда да қосылмағанын әйгілеп берді.

Осылайша «қосылулар мен ажырасулар» арасында жүріп те белсенділігімен танылған Болат Әбілевтің үстінен бірнеше рет билік өкілдеріне бағынбағаны үшін
Cот Нұржан Пақырдинов Болат Әбілевтің үкімін оқып отыр. Алматы, 21 шілде 2009.
Cот Нұржан Пақырдинов Болат Әбілевтің үкімін оқып отыр. Алматы, 21 шілде 2009.
қылмыстық іс қозғалды. 2004 жылы шілде айында 1,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, сол жылы күзде өтетін парламент сайлауынан шеттетілді. Ал 2 жыл өткенде полиция қызметкерінің ар-намысына тигені үшін тағы да 2,5 жылға шартты түрде сотталды. Айыппұлын айтпағанда, үш-төрт рет 15 тәулікке де қамалды.

2005 жылы мамырда Әбілев президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдап, осы жолғы сайлауға қатыспай, Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде қала берсеңіз» деген ұсыныс айтса, жұртшылық кейіннен білген 2008 жылғы Назарбаевпен кездесуін «диалогтың уақыты келді» деп түсіндірді.

Бірақ Әбілевтің «билікпен диалогы» кей ретте «биліктің тапсырмасымен жұмыс істейтіндігінің белгісі» ретінде қабылданды. Бір кездері партияластары Уәлихан Қайсаров пен Жасарал Қуанышәлин ашық айыптап шықса, Рахат Әлиевтің ықпалындағы ақпарат көзі Болат Әбілевтің президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековпен телефон әңгімесін жариялауы да бұл сөздерге үстеме болды.

Соған орай Әбілевке өзінің де, партияласы Жармахан Тұяқбайдың да билікпен сыбайласпағанын әр кез дәлелдеуіне тура келген еді. Бірнеше рет рұқсат етілмеген жиын өткізіп, көпшілік алдында көзге түскен ол оппозициялық саясаткер ретінде жұртшылыққа тартымды тұлғаға айналды. Алайда біріккен оппозицияны басқаруға дайын екендігін мәлімдеп, президенттік сайлауға қатысуға бірнеше рет оқталғанда әріптестері оны қолдай қоймады.

Оның меценаттар клубына жетекшілік етіп, «Тарлан» сыйлығын 7-8 жыл қатарынан таратуы да қазақ зиялыларының ішін жылытты. Жер, мемлекеттік тіл туралы арнайы жиын ұйымдастыруы оның 1994 жылғы үндеуден толық айнып, өзгергенін көрсеткендей еді.

«ӘБІЛЕВ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, «Әбілев өзгерген жоқ, тек өзгерген түр көрсеткен». «Сын сағатта ҚДТ-ны тастап, «Ақ жолды» құруға да Әбілев атсалысты. «Ақ жолдың» екіге жарылуына да Бәйменовпен бірдей үлес қосты».

- Бәйменов «барлық мәселені ақшаға тірейді» деп «Нағыз Ақ жол» жетекшілерін айыптағаны белгілі. Солай болғаны рас. Ол өзінің «бутялық» саясатын ақша арқылы жүргізіп, басшылық арасына іріткі салды. Партияның «Апта.кz» басылымында ұлт, тіл мәселесін көтеруіме кедергі жасады. Оны Алтынбек
Болат Әбілев (сол жақта) және Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 6 қаңтар 2012.
Болат Әбілев (сол жақта) және Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 6 қаңтар 2012.
Сәрсенбайұлына айтқанымда «бізге ақша төлеп отырған соң көп нәрсеге көнуге мәжбүрміз» деген болатын, - дейді Жасарал Қуанышәлин .

Қуанышәлин Сәрсенбайұлының қазасынан кейін «Нағыз Ақжолдың» саясаты бірден өзгергенін, бұрынғы «Азат» қозғалысын халық жадынан өшіру үшін Назарбаев Әбілевті пайдаланғанын айтады.

– Әбілевтің оппозициялық партияларды біріктіру идеясы - шын мәнінде оппозициялық партиялар – тіркелмеген «Алға» партиясы мен компартияны жою үшін Ақорданың ойлап тапқаны. Ал Жаңаөзен оқиғасынан кейін, мәжіліс сайлауынан басқалар бас тартқанда, «Азат» ЖСДП-ның бас тартпауы Болаттың кім екенін анық көрсетті. Ал сайлау қорытындысына наразылық танытқансып жиын өткізуі, Жаңаөзенге барып, Мәскеудегі Ресей оппозициясының жиынында сөйлеуі – көзалдау, - дейді Жасарал Қуанышәлин.

«ӘБІЛЕВТІҢ УАҚЫТЫ ӨТІП БАРАДЫ»

Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының төрағасы Төлеген Жүкеев «Әбілев билікпен сыбайлас» деген сөзді ұшқары пікір деп санайды. «Мұндай әңгімелердің шығуына кейде Болат Әбілевтің досқа да, дұшпанға да бірдей адамгершілік қатынасы ілік болатынын байқаймын» дейді ол.

– Болаттың 20 жыл бұрынғы пікірін еске алып, көзге шұқудың жөні жоқ. Жастықпен кім қателеспейді? Болат қазір үкіметті де, президентті де аз сынап жүрген жоқ. Ал президент әкімшілігінің бір кездегі жетекшісі Әділбек Жақсыбековпен Алтынбек Сәрсенбайұлының жылын өткізу үшін кездесті. Кездесер алдында бас қосып ақылдасқандардың бірі – мен, – дейді бұрынғы вице-премьер Төлеген Жүкеев.

Оның айтуына қарағанда, «дәл қазір Қазақстанда оппозициялық партияны қаржыландырып, тәуекел етіп отырған Әбілевтен өзге ешкім жоқ. Оның «Бутя-капитал» жинаған купондар үшін халыққа 8 миллион долларды таратып беруі де адамгершілігінің белгісі. Басқалар бір тиын да қайтарған жоқ».

Әбілевтің тағы бір бұрынғы партияласы, саясаткер Айдос Сарым «Болат Әбілев - Қазақстанда осы кезге дейін болмаған саясаткердің жаңа типі» екенін, оның
Оппозиция өкілдері (солдан оңға қарай): Төлеген Жүкеев, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбай. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Оппозиция өкілдері (солдан оңға қарай): Төлеген Жүкеев, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбай. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
көпшілікке жақындығы советтік дәстүрден гөрі, америкалық дәстүрге келетінін» айтады. Ол Әбілевтің демократиялық күштердің құрылуы мен партиялық құрылымның дамуындағы рөлін жоғары бағалайды.

– Бірақ Болаттың да уақыты өтіп бара жатқан сияқты. Себебі кейінгі ұрпақты түсініп, солармен бір тілде сөйлесе алатын жаңа буын керек. Биліктің авторитарлығын сынай отырып, оппозиция өздерінде өзгеріс жасамағаны дұрыс емес. Оның үстіне, бүгінде билік Жармахан Тұяқбай, Петр Своиктарды бөлек шығарып, Болат Әбілев пен Әміржан Қосановтарды саясаттан ысырып тастағысы келіп отыр, – дейді Айдос Сарым.

Сарымның пікірінше, қазақ оппозициясының жаңа бағыты қандай болуы керек деген ізденіске Әбілев те жауап іздеуі керек.

– Ол 2-3 жыл қоғамдық ағартушылықпен айналысып, содан соң ғана жаңа саяси форматпен оралғаны жөн болатын сияқты. Болатты билікпен жұмыс істеді деген ойларды қолдамаймын. Оны оппозициядағы белгілі бір күштердің тартысы деуге болады, – дейді Айдос Сарым.
XS
SM
MD
LG