Accessibility links

Әсіреұлтшылдар Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын ұстап шықты


Мешіт алдын күзетіп тұрған неміс полицейлері. Гамбург, Германия, тамыз, 2010 ж. Көрнекі сурет.
Мешіт алдын күзетіп тұрған неміс полицейлері. Гамбург, Германия, тамыз, 2010 ж. Көрнекі сурет.
Бүгін Берлин маңайындағы салафиттік діни қауымдастықтың жиналатын орны саналатын мешіттің жанында әсіреұлтшыл "Pro Deutschland" қозғалысының бір топ мүшесі Мұхаммед пайғамбардың карикатурасы салынған сурет пен "Исламдануға жол берілмесін!" деген жазу ұстап шеру өткізді.

Бұл туралы Франс-пресс агенттігі хабарлады. Мешіт маңын полиция күші бақылауға алды. Бұл кезде әлгілерден саны көп солшыл ұстанымдағы белсенділер қарсы шеру өткізгені айтылады.

Әсіреоңшыл қозғалыс тағы бірнеше мешіттің жанында әлгіндей шара өткізіп, жексенбі күні көшеден шеру тартып жүріп өтуді жоспарлаған. Осының қарсаңында Берлиннің әкімшілік соты сенбі күнгі шарада әсіреұлтшылдарға Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын алып шығуға тыйым салуды сұрап берген үш қауымдастықтың өтінішін қанағаттандырмай тастаған еді. Сот карикатураны "шығармашылық еркіндігінің" белгісі және ол нақты бір топқа қарсы өшпенділікті немесе зорлық-зомбылықты қоздыру болып табылмайды деп бағалады.

Бұған дейін мамыр айында Германияның Солтүстік Рейн-Вестфалия аймағында өткен осындай шеру әсіреұлтшылдар мен салафиттер арасында қақтығысқа ұласты.

2005 және 2006 жылдары Данияның газетінде Мұхаммед пайғамбардың карикатурасының жариялануы көптеген мұсылман елдерінде халықтың наразылығын туғызған еді.
XS
SM
MD
LG