Accessibility links

Мәскеуде «Азат Ресей күні» атап өтілуде


"Азат Ресей күні" акциясына келген бала, Мәскеу, 19 тамыз, 2012 жыл

"Азат Ресей күні" акциясына келген бала, Мәскеу, 19 тамыз, 2012 жыл

1991 жылғы «тамыз бүлігіне» орай бүгін Мәскеуде «Азат Ресей күні» атап өтіліп жатыр. Мәскеу уақытымен сағат 14-те басталған акция 16-30-да Ақ үйдің алдындағы жиынға ұласпақ.

"Фейсбук" әлеуметтік желісінің арнайы бетіндегі хабарландыруға қарағанда "бұл акция митинг емес және оның ұйымдастырушылары да жоқ".

"1991 жылы 19 тамызда төтенше жағдайлар жөніндегі комитет құрылып (ГКЧП), билікті басып алмақ болғанда еліміздегі жүздеген мың адам көшеге шығып өз азаттығын бейбіт түрде қорғады. Бірақ сол жолда үш адам қаза болды.

19 тамызда осынау қорғаушылардың құрметіне қойылған стела түбіне жиналып, құрмет көрсетеміз. Сіз бен біздің азаттығымыз жолында әлі де аяқталмаған күрес жолында құрбан болғандарды еске алып, гүл қоямыз" делінген хабарландыруда.

Бұл ақпаратта Ирина Ясина, Сергей Пархоменко, Сергей Алексашенко, Дмитрий Зимин, Сергей Удальцов, Владимир Рыжков тәрізді соңғы жылдардағы Ресейдің қоғамдық белсенділерінің аты аталған.

Гүл қоюға жиналғандар сағат 16:30-да (Астана уақытымен 18:30) Ақ үйдің алдында өтетін ПАРНАС, «Яблоко», «Солидарности» секілді тағы да басқа саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың ұйымдастыруымен өтетін рұқсат етілген шеруге қосылады.

Осыған ұқсас акция Ресейдің Сакт-Петербург қаласында да өтіп жатыр. 1991 жылы қала мэрі Анатолий Собчактың шешімімен Ленинград қаласына "тамыз бүлігін" қолдаушы әскери бөлімдер кіргізілмеген еді.

СССР Бас хатшысы Михаил Горбачевті уақытша орнынан тайдырған "тамыз бүлігі" кезінде одақтас республика басшыларының көпшілігі, оның ішінде Қазақстан да бар, қай жақты қолдарын білмей бірер күн "әліптің артын баққан" болатын.

"Тамыз бүлігі" кезінде Ресейде Ельцин бастаған демократияшыл күштер жеңіске жетіп, Михаил Горбачев орнына қайта оралды. Ізінше одақтас республикалардың барлығында да компартия таратылды.
XS
SM
MD
LG