Accessibility links

Ақтаудағы сотта «сыртқы күштер» де сөз болды


Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сот залында. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сот залында. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Ақтауда өтіп жатқан сотта дүйсенбі күні түске дейін бірнеше куәгер сұралды. Олардың арасында мұнайшылардың құқығын қорғаған заңгер Наталья Соколова да бар.

«Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы басшысы Киікбай Ешманов өткен аптада куәгер ретінде жауап бергенінде Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Амангелді Айтқұловтың «алаң ортасына киіз үй тігуді бұйырғанын» айтқан еді. Бұдан кейін Козловтың адвокаты Венера Сәрсенбина соттан Ешманов пен Айтқұловты беттестіруді өтінген.

«НЕСІНЕ УАЙЫМДАЙСЫҢ, КИІКБАЙ!»

Бүгінгі сот отырысы Козловтың қорғаушысы Венера Сәрсенбинаның кешегі талап өтінішін орындаудан бастады. Сот залына екі басшының екеуі де келді.

Сот Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Амангелді Айтқұловтың «Өзенмұнайгаздың» сол кездегі басшысы Киікбай Ешмановқа телефон арқылы: «Несіне уайымдайсың, Киікбай! Алаңда 200 полицей тұрады ғой» деген сөзін тексермек болды.

Адвокаттардың бірі бүгін Киікбай Ешмановтан «Сіз киіз үй тігу туралы Айтқұловтың телефон шалған-шалмағанын айта аласыз ба?» деп сұрап еді, «бәлкім, қызбаланып айтып қойған шығармын» деп жауап берді ол.

Ал Амангелді Айтқұлов айыпталушы Козловтың «Сіз сол жолы алаңда 200 полицейдің тұрғанын хабарлайсыз. Осы арқылы арандатушылық жасадым деп ойламайсыз ба?» деген сауалына:

- Полицейлерге бұйрық беретіндей олар маған бағынбайды. Мен тәуелсіздік мерекесі тойланатын, киіз үйлер тігілетінін білгенмен, олардың қай жерге қойылатынынан хабарым жоқ еді, - деп жауап берді..

МИНИСТР БОЛУДАН «ҚҰДАЙ САҚТАСЫН»

Содан соң сот залына заңгер Наталья Соколова шақырылды. Ол 2011 жылы тамыз айында «әлеуметтік араздық тудырды» деген айып бойынша алты жылға сотталып,
Заңгер Наталья Соколова ереуілші мұнайшылар алдында сөйлеп тұр. Ақтау, 2011 жыл.
Заңгер Наталья Соколова ереуілші мұнайшылар алдында сөйлеп тұр. Ақтау, 2011 жыл.
2012 жылы наурыз айында «әлеуметтік араздық тудырушы белгілер бар екенін мойындаған соң» жазасы жеңілдетіліп, үш жыл шартты түрде өтеу шарасына өзгертіліп, қамаудан босатылған еді.

Наталья Соколова сотта тек Ақжанат Әминовті ғана жақсы танитынын айтты. Прокурорлар одан іс бойынша өзіне белгілі жағдайды баяндауды, ереуілге қаншалықты қатысы болғандығын айтуды сұрады. Соколова мұнайшыларға заңгер ретінде қалай көмек көрсеткенін баяндады.

- Мен «Өзенмұнайгаздың» қосымша келісімшартын қарап отырып оларға зияндылығы үшін төлем төленбегінін білдім. Жалпы еңбек заңдылығы туралы ақыл-кеңестер бердім, - деді ол.

Прокурор Соколоваға сотталған Роза Төретаеваның ноутбугынан алынды деген жалақы туралы таблицаны көрсетті.

- Сіз осы таблицаның дұрыстығы жайлы айтасыз ба? - деп сұрады.

Бірақ Соколова «бұл туралы облыстық прокуратурада жазылған түсініктемеде толық баяндалған» деп, өзі құрған жалақы таблицасына кеңінен тоқталудан бас тартты.

«Осыны дұрыс есептемегендіктен мұның соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын білесіз бе?» деген сұраққа:

– Мен өйтіп ойламаймын. Жалақы мәселесі барлық жерде бар. Мен жұмысшыларға құқықтық тұрғыда қолдау көрсеткім келді, – деп жауап берді Наталья Соколова.

«16 желтоқсандағы оқиғада сіздің рөліңіз қандай болды?» деген сұраққа заңгер:

– Ол уақытта мен түрмеде отырдым. Бірақ бұл – біздің ортақ трагедиямыз, – деді.

«Ол трагедияға кім кінәлі деп ойлайсыз?» деген сұрақты судья алып тастады.

Бірнеше сауалға жауап берген Наталья Соколова жағдайы нашар болып тұрғанын айтып, жауап беруден тезірек босатуын өтінді.

Заңгер Наталья Соколова «мұнайшылардың жалақысына қосылатын коэфициентті есептеу дұрыс болмағанын, мұны мойындайтынын» айтты.

Cот залынан денсаулығына байланысты сұранып кетіп бара жатқан Наталья Соколова соңынан сотталушылардың бірі Серік Сапарғали «Наталья, сіз болашақ еңбек министрісіз!» деп айқайлады. Алайда ыңғайсызданып қалған Наталья Соколова оған «О не дегеніңіз! Құдай сақтасын!» деп жауап берді.

«ӨСЕККЕ СЕНГІШ ЖҰРТ»

Ақтауда өтіп жатқан сотта бүгін түске дейін куәгер ретінде Жаңаөзендегі қалалық газеттің бұрынғы редакторы, 72 жастағы зейнеткер Асылбек Айдаровтан да жауап алынды.

«Өзенмұнайгаздың» бұрынғы басшысы Киікбай Ешмановтың «елді сабырлыққа
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің сотындағы прокурорлар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің сотындағы прокурорлар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
шақыруда ерен еңбегін» атап өткен Айдаров жаңаөзендіктердің «қаңқу-өсектерге сенгіш болып кеткенін» есіне алды.

Асылбек Айдаров 2011 жылы желтоқсан айының басында Жаңаөзен қаласында «террорлық акт болуы мүмкін» деген сөз шыққанын, өзі ереуілшілерге қаншама рет барып басу айтқанымен олардың тыңдамағандарын баяндады.

- Олар бізді сыйламақ түгілі дөрекі сөздер айтты. Ал біз, ақсақалдар, оларға «сабырға келіңдер, балаларың бар, кредиттеріңді ойлаңдар» дедік, - деп еске алды ол.

Прокурор Асылбек Айдаровтан ереуілшілердің ақсақалдарды тыңдамауы себебі туралы сұрады.

- Олар «сендер бұдан да жоғары жалақы алуларың мүмкін, сондықтан талап етіңдер» деген жалған әңгімеге сенген болар, - деді ақсақалдар өкілі.

Асылбек Айдаров сөзінің соңында ереуілшілердің «біз Соколоваға сенеміз» деп айқайлағанын, бірақ келіп үгіт-насихат жүргізген оппозиция өкілдерін көзімен көрмегенін, тек аттарын естігенін айтты.

Бірақ ол сотталушылардың ешқайсысын танымайтын болып шықты.

«СЫРТҚЫ КҮШТЕР»

Түскі үзіліс алдында куәгер ретінде жауап берген «Өзенмұнайгаз» компаниясы директорының орынбасары Тарас Хитуов өзінің жауабында «Жаңаөзен оқиғасына
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің адвокаттары. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің адвокаттары. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
әсер еткен сыртқы күштерге» тоқталды.

Хитуов «Жаңаөзенге Әбілов, Пол Мерфи, т.б. саясаткерлердің келуі ереуілге шыққан адамдар санын ұлғайтқанын» айтты.

Тарас Хитуов өздерінің жұмысшыларды бірден жұмыстан шығуға ұмтылмағандарын айтты.

- Содан соң түрлі адамдар, арасында мына алдымыздағы сотталушылар бар, келіп, сендердікі дұрыс деген қолдау көрсетті. «К-Плюс» каналы оларды белсенді түрде жарнамалады. Жалпы олар ылғи қаралау жағынан танытуға тырысты, - деді «Өзенмұнайгаз» компаниясы директорының орынбасары Тарас Хитуов.

«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҰЖЫРЫМДАМА»

Одан кейін «Өзенмұнайгаз» компаниясы қызметкері Марат Орынбаев пен кадр басқармасы бастығы Смадинов куәлік берді.

Мемлекеттік айыптаушы Смадиновтен ереуіл кезіндегі Ақжанат Әминовтың рөлі туралы айтып беруін өтінді.

- Мен УОС-5 мекемесінің алдына келгенімде ондағы жұмысшылардың «біздің көшбасшымыз қайда» деп айқайлағандарын естігенмін, - деп мәлімдеді ол.

Прокурор оқыған алдын ала айыптау хаттамасына қарағанда, Смадинов Әминовті «өз бас пайдасын жақсы білетін, аса айлакер, қу адам» деп суреттеген. Бұған қоса
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің сотын бақылаушылар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің сотын бақылаушылар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
сотта Смадинов «Қадірлі мұнайшылар!» деп басталатын үнпарақты таратуға Наталья Әжіғалиева, Ақжанат Әминов пен Талғат Сақтағановтың қатысы бар» деп ойлайтынын айтты. Үнпарақта Смадинов туралы және оның қарындасының мұнай компаниясына орналасқаны туралы жазылған.

- Бұл әрекеттердің барлығы «Өзенмұнайгаз» басшыларының абыройларын түсіру мақсатында жасалған, - деді Смадинов.

Адвокат Венера Сәрсенбина сот төрағасына «Смадиновтың Әминовке қатысты жауабының айыптау хаттамасының 42-томының 9-бетінде қазақша және орысша нұсқасында түрлі мәтінмен жазылғанын» ескертті.

- Осыған байланысты прокурорлармен бірлесе талдау жасауды сұраймын. Егер мәтіннің өзгертіліп, істің фальсификацияланғаны расталса, тергеуші жазаға тартылуы керек. Себебі хаттама өзгертіліп, «жаппай тәртіпсіздікке Әминовтің тікелей қатысы бар» деген сөйлемге Козловтың да аты жалғануы мүмкін, - деп мәлімдеді адвокат.

Алайда прокурорлар айыптау хаттамасын «тергеушінің ай бойы жүргізген жұмысының шығармашылық тұжырымдамасы» деп сипаттады.

- Куә айтқанынан бас тартып отырған жоқ. Ендеше тергеушіні жауаптау дегеннің артық екенін айтамын, - деді прокурорлардың бірі.

Одан соң сот залына Жаңаөзенен арнайы келген куәгер, УОС-3 мекемесінің колонна бастығы Бекболат Қарабеков пен кәсіподақ төрағасы Қуанбаев шақырылды.

КОЗЛОВТЫҢ ҚАУПІ

Сот соңында прокуратура өкілдері айыпталушы Козловтың бұған дейін жасаған «сотқа сарапшылар шақыру туралы» өтінішін орындауды ұсынды. Оны мақұлдаған
Екінші қатарда солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Екінші қатарда солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
сотталушылар мен адвокаттар сотқа психолог Ақышев пен экономист Мұхтар Тайжанды да шақыруды сұрады.

Сотқа төрағалық еткен судья Бердібек Мырзабеков ертеңгі сот мәжілісінде сарапшылар келуі мүмкін екенін ескертіп, Владимир Козловтың адвокаты Плуговтан түске дейінгі сотқа қатысуды сұрады.

Козловтың адвокатының бірі Плугов анасының қазасына байланысты бүгінгі сот мәжілісіне түске дейін қатыса алмаған еді. Сот осыған байланысты сотты шегеруді сұраған Владимир Козловтың өтінішін орындаған жоқ – «тағы бір адвокат бар» екенін айтқан.

Түстен кейін қайта жалғасқан сот мәжілісінде Козлов түрмеде өзін арандатуы мүмкін деген қаупін айтты.

- Түскі үзілісте әлдекімдердің камерамды ақтарып-төңкергендерін анықтадым. Интернетте маған қатысты үлкен кампания жүргізіліп жатыр. Мен осы сот билігін пайдалана отырып өз өмірімді және жұбайымның қауіпсіздігін қорғауға алуды сұраймын. Менің камерама кез келген затты тастап кетуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын, - деді ол.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG