Accessibility links

Таулы Бадахшанда ерлерді әскери комиссариатқа шақырып жатыр


Тәжікстандық әскерилер. (Көрнекі сурет).

Тәжікстандық әскерилер. (Көрнекі сурет).

Тәжікстанда Таулы Бадахшан облысында тұратын 45 жасқа дейінгі ерлер жергілікті әскери комиссариатқа баруға міндеттелді.

Азаттық радиосы Тәжік қызметінің хабарлауынша, жергілікті тұрғындар әскери комиссариатта өздерінен әскери тәжірибелері туралы сұрағанын айтады. Бұрын совет әскері қатарында немесе Тәжікстан әскерінде десант, мерген немесе арнайы бөлімдерде қызмет еткендер тіркеуге тұруы тиіс.

Тәжікстанның қорғаныс министрлігінің өкілі Фаридун Махмадалиевтің айтуы бойынша, тіркеуден өткендер кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қысқа мерзімдік курстарға қатыстырылады. Бірақ Махмадалиев бұл шаралардың таяуда осы аймақта болған әскери операциямен еш байланысы жоқ екенін айтты.

Өткен айда Таулы Бадахшан облысының орталығы Хорог қаласында үкімет күштері мен қарулы топтар арасында қақтығыс болып, 70-ке тарта адам қаза тапқан еді.
XS
SM
MD
LG