Accessibility links

Рысқалиев жайлы қауесет ақпараттық майданға ұласты


Бергей Рысқалиев (көк костюм киген) Атырау облысының әкімі кезінде Жайық өзеніне салынған көпірді ашып тұр. Атырау, 22 шілде 2009
Бергей Рысқалиев (көк костюм киген) Атырау облысының әкімі кезінде Жайық өзеніне салынған көпірді ашып тұр. Атырау, 22 шілде 2009
Тамыздың 20-сы күні «құқық қорғау органдарындағы белгісіз ақпарат көзіне» сүйенген ҚазТАГ агенттігі Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ұсталғаны жөнінде ақпарат таратты.

«БЕЛГІСІЗ АҚПАРАТ КӨЗДЕРІ АЙТАДЫ...»

Атырау өңірінде таралатын жергілікті «Ақжайық» газеті келесі күні, 20 тамызда «күштік құрылымдардағы белгісіз ақпарат көзімен» жүргізілген сұқбатты жариялап, экс-әкімнің Атырауда үйқамақта отырған хабарлады.

Газет «Атырау облысындағы жемқорлық жасыруға болмайтын деңгейге жеткенін», «қаржы махинацияларына байланысты Рысқалиев пен оның төңірегіндегі адамдарды «тазалау» процесі жүріп жатқанын» жазды.

«Қазір Астанада оның (Бергей Рысқалиевтің – ред.) үлкен «көкелері» мен күштік құрылымдар арасында оның әрі қарайғы тағдыры жөнінде ірі сауда жүріп жатыр» деп қорытынды жасайды басылым.

Газетте Рысқалиев командасының өкілі ретінде аты аталған азамат, Атырау облысы әкімінің орынбасары Болат Дәукеновтың бүгін қызметтен кеткені де белгілі болды. Билікшіл CaspioNews ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ол «басқа қызметке ауысуына байланысты босатылған».

«БІЗДЕ АҚПАРАТ ЖОҚ»

Ал ресми орындар тарапынан жасалған «ақпаратты терістеулер» кешігіп айтылып жатыр. Кеше ішкі істер министрлігі, бүгін ұлттық қауіпсіздік комитеті «Бізде оның (Бергей Рысқалиевті – ред.) ұсталуына байланысты ақпарат жоқ» деп қысқа қайырды.

«Ақпаратты терістеулердің» ішіндегі ең толықтауы экс-әкімнің бауыры, парламентке «Ақжол» партиясы атынан барған депутат Аманжан Рысқалидың айтқаны болды.
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.
Бұған дейін депутаттың да «шетелге қашып кеткені» туралы бейресми ақпарат пайда болған еді. Жергілікті ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген ол екі мәліметті де жоққа шығарған.

– Атырауға мемлекет басшысы соңғы рет келген кезде айтқандай, облыстың бұрынғы әкімі президенттің нұсқауын күтіп отыр. Қазір Бурабайда демалып жатыр, – деді Аманжан Рысқали, ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша.

Ағасымен екі күн бұрын телефон арқылы сөйлескенін айтқан Аманжан Рысқали өзінің де демалыста екенін, жақында депутаттық қызметіне қайта кірісетінін айтқан.

Ақпарат қүралдарында жарияланып жатқан «жалған ақпараттарға» наразы болған депутат «егер әрі қарай да сыбыстар жалғаса берсе, сотқа жүгінуге мәжбүр боламын» деді журналистерге.

«ТЕГЕУРІНДІ ТОСҚАУЫЛ»

Бірақ «Атырау облысының бұрынғы әкімі тұтқындалған жоқ» деген хабар Бергей Рысқалиев жайлы қауесетті баса қойған жоқ.

Guljan.org сайты 23 тамыз, бейсенбі күні түстен кейін «бас прокуратурадағы белгісіз ақпарат көзіне» сүйене отырып, қаржы полиция Бергей Рысқалиевті «Атыраудан шетелге ұшайын деп жатқан жерінен ұстағанын», «қазір сотта 8 мың доллар ақшалай кепілдікпен 72 сағатқа босатылған экс-әкімді қамауға алу мәселесі қаралып жатқанын» хабарлады.

Сайт «белгісіз ақпарат көзінің» «Күдікті ірі саяси тұлға болғандықтан біз тегеурінді тосқауылға ұшырадық. Соның ішінде ақпараттық тосқауылды да айтуға болады. Оның жасырынуына көмектескісі келетіндер бар болуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес» деген сөзін мысалға келтірді.

ӘКІМ БОЛУ-БОЛМАУ ЖӘНЕ «КЛАНАРАЛЫҚ СОҒЫС»

Саясаткер Петр Своиктің пікірінше, Бергей Рысқалиев төңірегінде шағын ақпараттық соғыстың пайда болуы Астанада жүріп жатқан кланаралық күрестің күрделілік деңгейін көрсетеді.

– Облыс әкімі болып тағайындалып, ол қызметтен кету – ішкі кланаралық ахуалдан хабар беретін саяси процедура. Егер адамды қызметтен босатып, жауапкершілікке
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин. Астана, 1 маусым 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин. Астана, 1 маусым 2010 жыл.
тартып жатса, бұл тіпті айқын көрсетеді. Нақты жағдайда мұның екеуі де бар. Қазір оның (Бергей Рысқалиевтің – ред.) Бурабайда демалып жатқанынан бөлек қызметтен босатылғаны айтылды. Енді оны жауапкершілікке тартатыны анық... Ақпараттардың қайсысы өтірік, қайсысы рас деп бөліп-жарудың өзі артық. Бірақ бір анығы – Аслан Мусиннің саяси карьерасы аяқталды, – деп түйіндейді Петр Своик.

Ақпарат құралдарында Бергей Рысқалиевке қатысты қауесетті Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусинмен байланыстырған пікірлер айтылған еді. Бұған дейін интернетте «Аслан Мусин үйқамақта алынды» деген де мәлімет шыққан.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл ақпараттарға байланысты «А.Мусинді алыстан көздеп атып жатқан сияқты» деп жазды Twitter желісінде.

Тамыздың 15-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жаңа әкім – Бақтықожа Ізмұхамбетовты таныстырған. Ресми есепке қарағанда, облыста 2006 жылдан бері әкім болған Бергей Рысқалиев «денсаулығына байланысты қызметінен кеткен».
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG