Accessibility links

Украина күдікті Илья Пьянзинді Ресейге берді


Ресейдің "Бірінші арна" телекомпаниясынан көрсетілген Илья Пьянзиннің бейнесі. Телесюжеттен үзінді.
Ресейдің "Бірінші арна" телекомпаниясынан көрсетілген Илья Пьянзиннің бейнесі. Телесюжеттен үзінді.
Ресей президенті Владимир Путинге қастандық жасамақшы болған деген күдікпен ұсталған Қазақстан азаматы Илья Пьянзин Украинадан Ресейге жеткізілді деп хабарлады сенбіде ресейлік "Бірінші арна " телекомпаниясы. Одессаның апелляциялық соты Пьянзинді Ресейге экстрадициялау туралы шешімді тамыздың 20-күні қабылдағаны мәлім болды.

Илья Пьянзин Украинаның Одесса қаласында биыл қаңтардың 4-күні жасалған жарылысқа қатысы бар деген күдікпен арада бір ай өткенде ұсталғандардың бірі. Украинаның ресми орындарының хабарлауынша, Пьянзин президент Путинге қастандық жасамақшы болғанын мойындап, топ басшысы ретінде өзімен қатар қолға түскен Грозный қаласының тумасы Адам Осмоевты атаған.

Ресей Украинадан күдіктілерді беруді сұрады. Алайда Осмаевты Ресейге экстрадициялау туралы шешім Еуропалық адам құқығы жөніндегі соттың талабы бойынша уақытша тоқтатылды.

Украинаның арнайы қызметі Путинге қастандық жасамақшы болғандарды қолға түсіргені туралы ақпарат Ресейде биыл өткен президент сайлауы қарсаңында тараған еді. Ресейдің "Бірінші арна" телекомпаниясы ақпанның 27-күні көрсетілген сюжетте қастандықты Солтүстік Кавказдағы исламшыл бүлікшілердің жетекшісі Доку Умаров ұйымдастыруы мүмкін деген жорамал айтылды.
XS
SM
MD
LG