Accessibility links

Қырғызстан Беларусьтегі елшісін шақырып алды


Халықаралық іздеуде жүрген Жаныш Бакиев (ортада) пен серіктері. Минск, 17 тамыз 2012 жыл.
Халықаралық іздеуде жүрген Жаныш Бакиев (ортада) пен серіктері. Минск, 17 тамыз 2012 жыл.
Қырғызстан экс-президент Құрманбек Бакиевтің інісі Жаныш Бакиевке қатысты туындаған жағдайға орай Беларусьтегі елшісін кеңесу үшін елге шақыртып алды. Бішкек бұл қадамға Беларусь билігі қырғыз дипломаттарының Жаныш Бакиевті қайтаруды сұраған ресми нотасына жауап бермей қойған соң барып отыр.

Осыдан бірнеше күн бұрын интернетте Жаныш Бакиевтің Минскіде түскен суреті пайда болған еді. Онымен бірге суретке түскен тағы екі кісінің бұрынғы қырғыз режиміне жақын адамдар екені анықталған. Ол үшеуі де аса ауыр қылмыстар жасады деген айыппен халықаралық іздеуде жүрген.

Жаныш Бакиев 2010 жылы көктемде елдегі халық толқуларында полицияның шерушілерге қарсы оқ атқанына және 2009 жылы президент әкімшілігінің жетекшісі Медет Садырқұловтың өліміне қатысы бар деп айыпталады.

Құрманбек Бакиевтің өзі 2010 жылы биліктен тайдырылған соң Беларуське кетіп қалып, сол елден саяси баспана алған. Қырғызстан Беларусьтен оны қайтаруды екі жыл бойы сұрап келеді.
XS
SM
MD
LG