Accessibility links

Қарағандыда құлаған үйге қатысты істе тергеу аяқталды


"Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі құлап қалған үй. Қарағанды, 7 сәуір 2012 жыл.
"Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі құлап қалған үй. Қарағанды, 7 сәуір 2012 жыл.
Қарағандыда құлаған "Бесоба" тұрғын үй кешенін қабылдап алуға қатысы бар шенеуніктердің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің жетекшісі Ерлан Жанпейісовтің айтуынша, тұрғын үйдің құлауына қатысты екі іс қозғалған. Оның алғашқысы Саран қаласының бұрынғы әкімі Виктор Иванов пен облыстық сәулет құрылыстық бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Алтынбековтің үстінен қозғалған. Екінші іс бойынша Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Сергей Грибенщиков пен мемлекеттік қызметкер Татьяна Гук жауапқа тартылмақ.

Төртеуіне де қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша "Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі үйді қабылдап алу кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айып тағылып отыр.

"Қазір айыптылар іспен танысып жатыр, одан соң іс сотқа жіберіледі" дейді Ерлан Жанпейісов.

"Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі осыдан үш жыл бұрын салынған көпқабатты №7 үй биыл сәуірде құлап қалды. Заң орындары бұл оқиға бойынша құрылысты салған мердігер мен құрылысты жобалап, қабылдап алғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Шілденің аяғында жергілікті билік "Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі үйлер қиратылып, орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынады деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG