Accessibility links

Ауғанстанда шабуылдан он әскери қаза тауып, бесеуі жоғалды


Тексеру және өткізу бекетінде қарауылда тұрған әскерилер. Гильменд уәлаяты, Ауғанстан. (Көрнекі сурет).
Тексеру және өткізу бекетінде қарауылда тұрған әскерилер. Гильменд уәлаяты, Ауғанстан. (Көрнекі сурет).
Ауғанстанның оңтүстігіндегі Гильменд уәлаятында тексеру және өткізу бекетіне шабуыл жасалып, 10 ауған әскери қызметкері құрбан болды. Үш әскери жараланды.

Оқиға жексенбіден дүйсенбіге қараған түні болған. Шабуылдан соң тағы 5 әскери қызметкер із-түзсіз жоғалды. Уәлаят әкімшілігінің өкілі Дауд Ахмадидің айтуына қарағанда, оларды шабуыл жасағандардың ұрлап әкеткені, я өз еріктерімен солармен бірге кетіп қалғаны белгісіз.

Ауғанстан үкіметі бүгін Гильменд уәлаятында Талибанның бақылауындағы ауданда 17 адамның бассыз денесі табылғанын хабарлады. Олардың екеуі әйелдер. Ресми орындар бейбіт тұрғындарды Талибан сарбаздары қырды деп отыр. Бірақ Талибанның өзі әзірге мұны мойнына алған жоқ.

НАТО күштері де осы елдің шығысындағы Лагман уәлаятында ауған әскериінің киімін киген адамның халықаралық коалиция күштерінің екі әскери қызметкерін атып кеткенін хабарлады.

Жергілікті билік өкілдерінің дерегі бойынша, кейбір әскерилердің өздері содырлардың шабуыл жасауына көмектесіп отырады.
XS
SM
MD
LG