Accessibility links

Египет президенті көмекшілерін тағайындады


Египет президенті Мұхаммед Мурси. 12 тамыз 2012 жыл.

Египет президенті Мұхаммед Мурси. 12 тамыз 2012 жыл.

Египет президенті Мұхаммед Мурси өзінің көмекшілерін тағайындады. France Press агенттігінің хабарлауынша, Египетте алғаш рет мұндай қызметке копт христиан мен әйел адам тағайындалып отыр. Исламшыл партия өкілі де Мурсидің кеңесшілігіне тағайындалды.

Жазушы әрі копт христиан шіркеуінің өкілі Самир Маркус - президенттің демократиялық қайта құру мәселелері бойынша көмекшісі. Ал салафилік "Әл-Нұр" партиясының өкілі Эмад Абдель Гафур азаматтық қоғаммен байланыс мәселелерімен айналысады. Каир университетінің профессоры және саясаттанушы әйел Пакинам әл-Шаркави Мурсидің саяси мәселелер бойынша көмекшісі атанды.

Мурси өзінің сайлауалды кампаниясында вице-президент қызметтеріне әйел адам мен христиандар өкілін қоюға уәде берген. Копт ұлты Египет халқының 10 пайызын құрайды. Экс-президент Хосни Мүбәрәк биліктен кеткелі бері елде копт христиандарына қатысты зорлық күшейген.

Ал әсіре консервативті "Әл-Нұр" партиясы парламенттегі депутаттық орынның 20 пайызына ие. "Әл-Нұр" - президенттің "Мұсылман бауырластығы" партиясының басты саяси бәсекелесі.
XS
SM
MD
LG