Accessibility links

Ресейде «Ну, погоди!» түн ортасында ғана көрсетіледі


«Ну, погоди!» мультфильмінің бас кейіпкері.
«Ну, погоди!» мультфильмінің бас кейіпкері.
Қыркүйектің 1-інен бастап Ресейде «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау» туралы заң күшіне енеді.

Балалар көруге болмайтын бағдарламалар мен фильмдер енді «16+» немесе «18+» таңбасымен белгіленді. Бұл таңбалар фильм немесе бағдарлама басталардың алдында экранға сегіз секунд шығып тұрады.

ТЕМЕКІ ТАРТАТЫН ҚАСҚЫР МЕН ҚОЛТЫРАУЫН ГЕНА

«Балаларға зиянды» картиналар тізіміне қасқыр мен қоян туралы «Ну, погоди!», қолтырауын мен беймәлім тіршілік иесі жайлы «Қолтырауын Гена мен Чебурашка» анимациялық фильмдері де енген. Өйткені біреуінде қасқыр темекі тартса, екіншісінде қолтырауын шылым шегіп жүр. Тіпті олардың осы темекі тартатын жерлерін қиып тастау да талап етілмек.

Ресей баспасөзі мемлекеттік телевизия және радио хабарларын тарату компаниясының балалар және жасөспірімдер студиясының жетекшісі Татьяна Цывареваның «Біз олардың еш жерін кесіп тастамаймыз. Екі-ақ мүмкіндігіміз бар - заңды бұзу немесе түнде көрсету. Сондықтан оларды енді түнгі сағат он бірден кейін ғана көрсетеміз» деген сөзін жамырай таратып жатыр.

Ресейдің бас санитар дәрігері Геннадий Онищенко «Ну, погоди!» мультфильмінен қасқырдың темекі тартатын жерін қиып тастауға медициналық жағынан ешқандай қажеттілік жоқ екенін айтты. Оның ойынша, сол жерлерін сәл басқаша өңдеп, қайта жасау керек.
Жан тазылығы үшін күресеміз деп балаларды ұмытып кетуге болмайды. Балаларға «Ну, погоди!» мультфильмін көруге тыйым салу - шектен шыққандық.
Анна Портнова.

Мәскеу балаларының бас психиатры Анна Портнова «Интерфакс» агенттігіне бұл мультфильмдердің балаларға қандай зияны бар екенін түсінбегенін айтқан.

- Қасқыр - жағымсыз кейіпкер. Ешкім оған еліктемейді. Жағымсыз кейіпкердің темекі тартуы жақсы болып көрінбейді - түтінге қақалып жүреді. Жан тазалығы үшін күресеміз деп балаларды ұмытып кетуге болмайды. Балаларға «Ну, погоди!» мультфильмін көруге тыйым салу - шектен шыққандық, - дейді бас психиатр.

«НАҚҰРЫСТЫҚ»

Оппозиционер әрі жазушы Эдуард Лимоновтың ойынша, балаларға арналған мультфильмдердің кейбір көріністерін алып тастау – заңның мағынасыз екенінің дәлелі. Жазушы ол оқиғаны нақұрыстық дертінің таралуы деп атады.
Эдуард Лимонов. Mәскеу, 4 наурыз 2009 жыл.
Эдуард Лимонов. Mәскеу, 4 наурыз 2009 жыл.

- Бізде балалар жас кезінен-ақ арақ ішіп, темекі тартады. Оның бәрі отбасы мен ортаға байланысты. Мысалы, мен шылым шекпеймін, - дейді Лимонов «Интерфакс» агентігіне берген сұхбатында.

Ресейде кейіпкерлері темекі шегіп, арақ ішіп отыратын әйгілі фильмдерге де тыйым салу жайлы айтыла бастады.

Мемлекеттік «Россия 24» телеарнасының хабарлауынша, «16+» белгісі бар арнайы хабарлар тізімі де дайын тұр. Телеарна мұндай хабарларды кешке таман көрсетпек.

«Россия 24» телеарнасындағы көріністердің бірінде жуықта BBC-ден сатып алған сериалды мысалға келтіреді. Сериалды өндіруші 8 бен 12 жас аралығындағы балалар көрсін десе, Ресей оны жаңа заң бойынша «16+» деп белгілейді. Ресейлік телеарна фильмдегі кейбір көріністерді алып тастайтынын да жоққа шығармады.

Мемлекеттік телерадио корпорациясының балалар мен жасөспірімдерге арналған студиясының жетекшісі Татьяна Цывареваның айтуынша, Ресейде барлық хабарларды көріп, арнайы белгі қоятын тәуелсіз сарапшылар кеңесі құрылады. Бірақ ол кеңестің классикалық туындыларды қай топқа қосары белгісіз.

- Мысалы, шығармаларында боғауыз сөздер бар Гогольді қайтеді? Балалар оның шығармаларын мектеп бағдарламасы бойынша оқиды ғой. Қазір телеарнаның бағдарламалар кестесінде мектепте оқитын туындыларды экранға шығару жоспары да бар. Одан бас тартқымыз келмейді, - дейді Татьяна Цыварева «Россия 24» телеарнасына берген сұқбатында.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG