Accessibility links

Құқық қорғаушылар ШЫҰ мен Қазақстанды сынады


Бергі қатарда, солдан оңға: Ресей президенті Владимир Путин, Қытай төрағасы Ху Цзиньтао, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ саммитінде. Пекин, 2012 жылдың маусымы.
Бергі қатарда, солдан оңға: Ресей президенті Владимир Путин, Қытай төрағасы Ху Цзиньтао, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ саммитінде. Пекин, 2012 жылдың маусымы.
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерация ШЫҰ-ға қатысты есебін жариялады. Бұл аймақтағы адам құқықтарының бұзылуы жөніндегі алты оқиғаның үшеуі Қазақстанда болған.

2012 жылы қыркүйектің 3-інде Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерация (FIDH) «Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ): адам құқықтарын бұзу құралдары» деген есебін жариялап, ШЫҰ-ның өзін де, оның құрамына кіретін елдерді де сынады.

Есепте «ШЫҰ елдері мен осы ұйымды бақылайтын мемлекеттер мен әріптестерінің басым бөлігінде авторитарлы билік орнаған, тәуелсіз ой-пікір қатыгездікпен басып-жаншылады. Бұл елдердегі билік қауіпсіздік пен тұрақтылықты діни, саяси және құқық қорғау саласы белсенділері мен кейбір аз ұлт өкілдерін қудалау арқылы қамтамасыз етуге болады деп санайды» деп жазылған.

Сарапшылар ШЫҰ қабылдаған «өзара мойындау» деген ережені сынаған. Бұл принцип бойынша, ШЫҰ елдері осы ұйымға мүше елдердің бірінде терроризмге, сепаратизм немесе экстремизмге қатысы бар деген айып тағылған немесе күдікті адамға баспана беруден бас тартады.

Сарапшылар «экстрадиция, саяси баспана беру және адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттар өрескел бұзылып, мұндай жандарды бұл елдер экстрадициялайды» дейді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУ

ШЫҰ елдеріндегі адам құқықтарын бұзу жөнінде келтірілген алты мысалдың үшеуі Қазақстан тәжірибесінен алынған.
Қазақстандағы өзбек босқындардың әйелдері сотқа кіре алмай тұр. Алматы, 9 маусым 2011 жыл.
Қазақстандағы өзбек босқындардың әйелдері сотқа кіре алмай тұр. Алматы, 9 маусым 2011 жыл.

Құқық қорғаушылар Азаттық талай мәрте жазған, 2011 жылы өзбектің мұсылман босқындарын Өзбекстанға экстрадициялау ісіндегі құқық бұзу фактілерін атаған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) азаптауға қарсы комитеті 2012 жылдың маусым айында «Қазақстан БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясын босқындарды қайтарып беру арқылы бұзды» деген шешім шығарды.

Өзбек босқындарының елдеріне барғаннан кейінгі тағдыры туралы деректер жоқ. Құқық қорғаушылар бұл адамдардың (көпшілігі ер адамдар – ред.) әртүрлі жылға түрмеге кесілгенін айтады. Олардың әйел, бала-шағасының не болғаны туралы да ақпарат жоқ.

Сарапшылар «2011 жылы мамыр айының аяғында ұйғыр босқыны Аршидин Исраилды Қазақстаннан Қытайға экстрадициялау кезінде де көптеген құқық бұзу оқиғалары болған» деп есептейді.

Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерацияның есебінде Қазақстандағы құқық бұзудың тағы бір мысалы ретінде Қазақстанда тұратын ұйғыр белсенділерінің 2011 жылдың мамыр айында Вашингтонда өтуі тиіс конференцияға қатысуына биліктің тосқауыл болғанын атайды.

Ұйғырлардың әлемдік конгресінің вице-президенті Қаһарман Қожамбердиевке «төлқұжатыңыз жол жүруге жарамсыз» деген сылтаумен Қазақстаннан шығуына рұқсат берілмеген еді.

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ОРЫНДАУ»

Есептің қорытынды бөлімінде сарапшылар ШЫҰ елдеріндегі жағдайды түзеу жөнінде бірқатар ұсыныс-кеңестер берген.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті. Пекин, 6 маусым 2012 жыл.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті. Пекин, 6 маусым 2012 жыл.

Атап айтқанда, есепте құқық қорғаушылар ШЫҰ құрамындағы елдерді адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауға, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге, ШЫҰ принциптері мен келісімдерінің осы елдердегі адам құқықтарына әсерін үнемі бағалап отыруға және ШЫҰ қызметіне қатысты азаматтық қоғам өкілдерінің пікірін ескеріп отыруға шақырады.

Басқа кеңестердің арасында өлім жазасынан бас тарту да айтылған.

Ұсыныс-кеңестердің басым бөлігі әртүрлі халықаралық ұйымдар мен оларға мүше елдерге арналған. Сарапшылар бұл ұйымдар мен елдерді ШЫҰ-ға мүше елдермен қарым-қатынас орнату барысында адам құқықтары мен азаматтық еркіндікті құрметтеуге шақырады.

Еуропа Одағы мен бұл ұйымға мүше елдерге ШЫҰ мемлекеттерімен қарым-қатынас орнатқан кезде «адам құқықтары мен құқықтық мемлекет аспектілерін ұмытпау» туралы ұсыныстар айтылған.

Еуропа кеңесіне терроризмге қатысы бар деген күдікті тұлғаларды Ресей мен ШЫҰ-ның басқа елдері арасында экстрадициялаудың дұрыс-бұрыстығын талқылау ұсынылған.

Құқық қорғаушылар БҰҰ мен оның бөлімшелері - Бас ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесіне ШЫҰ елдері арасында бекітілген келісімдер аясында экстрадицияланған тұлғалардың бүгінгі тағдырын анықтау үшін олардың істерін тәуелсіз түрде тексеруді ұсынады.
XS
SM
MD
LG