Accessibility links

Сыйақы тағайындалды, ендігісі – қылмысты хабарлау


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Қазақстан үкіметі жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдарды бір мәрте ақшалай марапаттау туралы ережені бекітті. Бұл іске бюджеттен 32 миллион теңге де бөлініп үлгерді.

Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың сөзінше, жаңа ереже «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңды орындау мақсатында қабылданған. Ақшалай сыйақы мөлшері:

1) әкімшілік істер бойынша жемқорлыққа қатысты заң бұзу фактісін хабарлаған адамға – 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 48 мың 540 теңге;
2) жеңіл қылмыстық істерге қатысты – 40 АЕК (64 мың 720 теңге);
3) орташа қылмыстық істерге қатысты – 50 АЕК (80 мың 900 теңге);
4) ауыр қылмыстық істерге қатысты – 70 АЕК (113 мың 260 теңге);
5) аса ауыр қылмыстық істерге қатысты – 100 АЕК (161 мың 800 теңге).

Ал «жемқорлық туралы фактіні хабарлаған адамға мақтау грамотасы беріліп, алғыс жариялануы мүмкін».

Мұрат Жұманбайдың сөзінше, «осы мақсатта республика бойынша 144 сенім телефоны іске қосылған».

«ҚАЗАҚСТАНҒА ЖАРАМАЙТЫН ДҰРЫС ҰСЫНЫС»

Саясаткер Дос Көшім Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесі көрінбей келе жатқанын айтып, бұл іске де сенімсіздік білдіреді.

– Нәтижесіз болатыны – жемқорлықпен күресетін адамдардың өздері сол жемқорлықты тудырып, жемқорларды сол орынға отырғызып отыр. Мен бұл әдісті
Саясаткер Дос Көшім. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
Саясаткер Дос Көшім. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
ең тиімді деп айта алмас едім. Дегенмен біреулерді ұстап беріп, үстінен ақша алу азаматтыққа жатпайды, – дейді Дос Көшім.

Оның ойынша, сыйақы мөлшері де «үлкен коррупциялық істерді ашатындай емес».

– Бұл ақша (аса ауыр қылмыстық істерге қатысты дерек берген адам алатын 161 мың 800 теңге) көпшілікті қызықтырмайды. Себебі жемқорларды ұстап беретін адамдардың өздері соның ішінде жүреді: бір топ екінші топты ұстап береді, біреудің орнын біреуге алып береді. Олар үшін бұл ақша – өте төмен. Ал қарапайым адамдарға, әрине, бұл ақша әжептеуір болып көрінуі мүмкін, бірақ олар ешқашан сол коррупциялық топтардың ішінде болмайды. Олар ондай қылмыстарды білмейді де. Ал коррупцияның ішінде жүріп бірін-бірін ұстап беретіндер үшін бұл ақша түкке тұрмайды. Себебі олар алып жүрген ақша оның қасында өте қомақты, – дейді саясаткер.

Саясаткер Әміржан Қосановтың ойынша, «Қазақстанның жағдайында барлық телефон, барлық байланыс құралдары тыңдалады, кімнің-кім екендігі белгілі – сондықтан жаңа ереже жемқорлықпен күресуге үлкен үлес қоса алмайды».

– Себебі әрбір азамат (ауылда немесе ауданда тұрсын) өзінің болашағын ойлайды. «Егер мен звондасам, өзіме, бала-шағама зияны тиіп кете ме» деп ойлайды, – дейді ол.
Ұсыныс дұрыс, бірақ бұл ұсыныс өркениетті елдерде жүзеге асады. Ал дәл қазіргі тоталитарлық жүйедегі Қазақстанға бұл дұрыс емес.
Әміржан Қосанов.


Әміржан Қосановтың ойынша, «Ұсыныс дұрыс, бірақ бұл ұсыныс өркениетті елдерде жүзеге асады. Ал дәл қазіргі тоталитарлық жүйедегі Қазақстанға бұл дұрыс емес».

– Қазақстанда жемқорлық қолма-қол ақша беруден асып кетті. Оның формасы, әрекет-тәсілі бөлек. Сондықтан бұл сома ауылдық жерде үлкен ақша болғанымен, жеме-жемге келгенде азамат алдымен өзінің қауіпсіздігін ойлайды. Себебі бізде демократиялық елдерде секілді ақпараттың, ақпарат берушінің құпиясы сақталмайды, – дейді ол.

«ЗАҢДЫ» БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ

Кеден саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірнеше сот процесіне себепкері болған кәсіпкер Қанағат Тәкеева «бұл құжаттың астары бар» дейді.

– Жемқорлыққа қарсы тұрамын деп алғашқы соттан кейін бизнесімнен айырылдым. Күштеп тартып алды. Кейінгісінде өзімді, туыстарымды, тіпті балаларымды қорқытуға кірісті. Міне, бұл – жемқорлықты ашуға көмектескендерге жасалған
Кәсіпкер Қанағат Тәкеева. Алматы, 29 мамыр 2012 жыл.
Кәсіпкер Қанағат Тәкеева. Алматы, 29 мамыр 2012 жыл.
«алғыс». Ал бұл ереже – халыққа көрсетілген сес. Керек адамдарға қарсы домалақ арыздар жазылады, ал арыздар ұнамаса, оның авторлары «назарға ілінеді». Себебі бізде жемқорлық – «заңды» басқару жүйесі, – дейді Қанағат Тәкеева.

Оның ойынша, «тағайындалған сома да көңіл көншітпейді».

– 161 мың үшін ешкім өз өміріне қауіп төндіргісі келмейді. Тіпті хабарлаған күннің өзінде оған қаржы полициясы сыйақы береді дегенге сенбеймін. Түрлі кедергілерді дәл сол қаржы полицясы қойғаннан кейін өзіңе тиесілі ақшаңның қайда екенін ешкім таппай қалады, – дейді кәсіпкер.

Қанағат Тәкееваның айтуына қарағанда, «жемқорлықпен күресті алдымен жоғарыдан бастаған жөн».

– Егер президент өз халқының жағдайын шынымен ойлайтын болса, өз балаларына өзгенің баспанасы мен бизнесін рейдерлік жолмен тартып алуға жол бермеуі керек. Ол елбасы ғой – сондықтан біздің барлығымызға үлгі көрсетуі керек, – дейді Қанағат Тәкеева.

«ҮМІТ АРТУҒА МІНДЕТТІМІЗ»

Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпековтің ойынша, жемқорды ұстап беруге көмектескен адам өзінің қауіпсіздігіне қатысты алаңдамауына болады.

– Тергеу органдарына көмек жасап, қылмыстың ашылуына ықпал еткен адамның құпиялылығы толығымен қамтамасыз етіледі. Оның аты-жөні, сыйақы мөлшері де жарияланбайды, – дейді депутат.

Сәрпековтің сөзіне қарағанда, «бюджеттен бөлінген қаржының тиісті мақсатта
Парламент мәжілісі депутаттарының отырысы. Астана, 9 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Парламент мәжілісі депутаттарының отырысы. Астана, 9 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
жұмсалып жатқанын прокуратура мен қаржы полициясының ішкі қауіпсіздік қызметі қадағалайды».

Мәжіліс депутатының ойынша, «бұл істің нәтижесі мен төрелігін тек уақыт көрсетеді, жалпы көптеген елдерде мұндай тәжірибе оңтайлы іске асып келе жатқанын ескерсек, біз де үміт артуға міндеттіміз».

– Халықтың күбір-күбір етіп, көрінген жерде ас үйден шықпай, айтпай жүргенінше, пара беру, пара алу секілді өте ауыр қылмыс жасаған фактілерді жасырмай айтып, «қылмысты болдырмаймын» деген адамға мемлекеттің жасап отырған мүмкіндігі - осы, – дейді депутат жаңа бастама жайлы.

Ережеге сәйкес, жемқорлыққа қатысты хабарлауға тұрарлық деректі (заң бұзу мен қылмыс туралы және іздеу салынған адамның мекені туралы мәліметті) берген адам, барлық тиісті құжаттар рәсімделген жағдайда, 15 күннің ішінде сыйақысын алуы керек. Алайда бұл «арыз беруші екі аптада сыйақысын алады» деген сөз емес.

– Сыйақы шағым түскеннен бастап 15 күннен кейін емес, тиісті факт тіркеліп, алдын-ала тергеу жұмыстары бітіп (кем дегенде екі ай), қылмыстық іс прокурор арқылы сотқа түсіп, сот оны қарап, шешім шығарып, ол заңды күшіне енгеннен кейін 15 күн ішінде тағайындалады, – деді депутат Рамазан Сәрпеков.
XS
SM
MD
LG