Accessibility links

Каталониялықтар Испаниядан тәуелсіздікті талап етті


"Барселона" футбол командасының жанкүйерлері "Каталония - Испания емес" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. (Көрнекі сурет).

"Барселона" футбол командасының жанкүйерлері "Каталония - Испания емес" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. (Көрнекі сурет).

Барселонада жүздеген мың каталониялық шеруге шығып, Испаниядан Каталонияға тәуелсіздік беруін талап етті деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Шеруге шыққандар Мадридті аймақтағы экономикалық жағдайды қиындатып отыр деп айыптады. Олар Каталонияның қызыл және сары түсті туын, "Каталония - Еуропа Одағының жаңа мүшесі", "Төртінші Рейхтың құрылуына жол жоқ", "Тәуелсіздік берілсін" деген плакаттар ұстап шықты. Каталония полициясының есептеуіне қарағанда, шерушілердің саны жарты миллионнан асқан.

Каталония - Испанияның ең қуатты аймақтарының бірі. Ел экономикасының 20 пайызы осы аймаққа тиесілі. Жергілікті тұрғындардың наразылық танытуына каталондықтарға салынатын салық көлемінің өзге аймақтармен салыстырғанда көп болуы да әсер етіп отыр.

Испаниядағы қаржы дағдарысынан туындаған экономикалық қиындықтар аймақта сепаратистік көңіл-күйді көтеріп жіберді.

The Guardian басылымының жазуына қарағанда, соңғы жылдары Каталонияның тәуелсіздік алуын қалайтындардың саны екі есеге көбейіп, 46 пайызға жеткен.
XS
SM
MD
LG