Accessibility links

Исламға қарсы фильм авторы жасырын жүруге көшті


Cэм Басильдің "Мұсылмандардың күнәсіздігі" ("Innocence of Muslims") фильмінен үзінді.

Cэм Басильдің "Мұсылмандардың күнәсіздігі" ("Innocence of Muslims") фильмінен үзінді.

Кейбір деректерге қарағанда, мұсылмандардың үлкен наразылығын тудырған исламға қарсы "Мұсылмандардың күнәсіздігі" ("Innocence of Muslims") фильмінің авторы Сэм Басиль көпшіліктен жасырын жүруге көшті.

Фильмге наразы болғандар сейсенбі күні АҚШ-тың Ливиядағы (Бенгази қаласындағы) елшілігіне шабуыл жасап, кейін өртеп жіберді. Оқиға салдарынан осы елдегі АҚШ елшісі Кристофер Стивенс пен елшіліктің үш қызметкері қаза тапқан.

Египет астанасы Каир қаласында да наразы халық АҚШ елшігіне шабуыл жасады. Бірақ шабуылдан ешкім зардап шеккен жоқ. Ал Тунисте полиция ел астанасында орналасқан АҚШ елшілігіне тас лақтырған наразы топқа көзден газ ағызатын газ қолданды.

Дау тудырған фильмнің үзіндісі таяуда YouTube -те жарияланған еді. Сэм Басиль - өзін израильдік еврей деп санайтын, Калифорнияда тұратын жылжымайтын мүлік агенті. Оның айтуынша, кинокартинаны жасауға "ислам - қатерлі ісік" деген сенімі түрткі болған. Фильмде Мұхаммед пайғамбар алаяқ және әйелжанды адам ретінде суреттелген. Ал исламда Мұхаммед пайғамбардың бейнесін сомдауға мүлдем тыйым салынған.
XS
SM
MD
LG