Accessibility links

Кремльді сынайтын депутат мандатынан айырылды


Геннадий Гудков мемлекеттік думаның отырысында. Мәскеу, 14 қыркүйек 2012 жыл.
Геннадий Гудков мемлекеттік думаның отырысында. Мәскеу, 14 қыркүйек 2012 жыл.
Ресей мемлекеттік думасы бүгін "Справедливая Россия" фракциясының депутаты Геннадий Гудковты мандатынан айырды.

Дума бұл шешімді Ресей бас прокуратурасының ұсынысы бойынша жасады. Бас прокуратураның дерегіне қарағанда, Гудков депутаттық қызметіне қоса кәсіпкерлікпен айналысып, заң бұзған.

Геннадий Гудковты мандатынан айыру ұсынысын 291 депутат қолдады, 150 адам қарсы болды, үшеуі қалыс қалды. Дауыс беруге дейін Гудковтың мандатынан айыруды "Единая Россия" партиясы қолдап, коммунистер мен "Справедливая Россия" қарсы шығатыны белгілі болған.

Гудков құқық қорғау органдары өзін саяси көзқарасы үшін қудалап отыр деп санайды. Себебі ол біраздан бері оппозиция ұйымдастырған акцияларға қатысып жүр. Ол 15 қыркүйекте Мәскеуде жаңа наразылық акцияларын өткізуді жоспарлап отырған.

Депутат мемлекеттік думаның үстінен жоғарғы сотқа шағымданатынын мәлімдеді. Бірақ ол жоғарғы сотқа мандатын қайтарып алу үшін емес, "мемлекеттік думаның ешкімге керек емесін" дәлелдеу үшін шағымданатынын айтады.
XS
SM
MD
LG