Accessibility links

Мәскеу Кеден Одағына Вьетнамды қоспақшы ма?


Азаттық радиосы Беларусь қызметінің Ресейдің Вьетнамды Кеден Одағына шақыруы туралы ұсынысына қатысты жариялаған карикатурасы
Азаттық радиосы Беларусь қызметінің Ресейдің Вьетнамды Кеден Одағына шақыруы туралы ұсынысына қатысты жариялаған карикатурасы

Stratfor commentary Мәскеу бастаған Кеден Одағының жаңа аймаққа көз тіккені жайлы мақала басты. Ресей басшылары Азия-Тынық мұхит елдерімен орнайтын жаңа сауда қатынасы Еуропа Одағымен арадағы сауда көлемінен асып түседі деп санайды.

Stratfor Commentary («Стрэтфор комментари») басылымының қыркүйектің 13-і күні жазуынша, Вьетнам және Кеден Одағына мүше елдер (Ресей, Беларусь және Қазақстан) құрған зерттеу тобы қыркүйектің 11-і күні екі жақтың арасындағы еркін сауда келісімінің мүмкіндіктері жайлы болжамдар айтқан. Екі жақтың өкілдері осы мәселеге орай 2013 жылдың бірінші жартысында келісcөздер бастауға ықыласты екендерін білдірген. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі Ресейдің Владивосток қаласында қыркүйектің 7-9 аралығында өткен Азия-Тынық Мұхит аймағы экономикалық бірлестігі саммиті біте салысымен белгілі болды. Саммитте негізінен Ресей мен Азия елдерінің арасындағы сауда қатынасын кеңейту мәселесі талқыланған.

ТОЛМАҒАН ОДАҚТЫҢ ӘЛІ БОЛМАҒАН ИДЕЯСЫ

Мақала авторының пайымдауынша, Кеден Одағы Еуразия Одағына қарай бағыт алып барады. Соңғы сауда қатынастарының даму барысына қарағанда Кеден Одағының мүшелері бұрынғы Совет Одағы елдерімен ғана емес Азия аймағындағы елдермен де экономикалық байланысын нығайтқысы келеді. Олардың ішінде болашақта еркін сауда келісімінің аясында бірігіп жұмыс жасап көруге Вьетнам дайын тұр. Келешекте Ресейдің Азия аймағындағы сауда экспансиясының қаншалықты сәтті болатынын анықтауда бұл ел маңызды рөл атқармақ.
Ресей президенті Владимир Путин АТЭС саммитінде. Владивосток, 7 қыркүйек 2012 жыл
Ресей президенті Владимир Путин АТЭС саммитінде. Владивосток, 7 қыркүйек 2012 жыл

Экономикалық тұрғыдан да, саяси жағынан да Мәскеу үстемдік етіп отырған Кеден Одағы бірнеше жыл бойы Ресей үшін экономикалық пайданы көздеді. Алайда 2015 жылы Еуразия Одағына айналады деп жоспарланған Кеден Одағы барлық діттеген мақсатына әлі жеткен жоқ.

Stratfor commentary одаққа мүше елдердің саны артпаған күйі қалғанын ескерте отырып, Мәскеу қанша тырысқанымен Украина Кеден Одағына кіруден бас тартты деп жазады. Еуразия Одағына өту кезіндегі көптеген шарттар толығымен орындалмаған. Одаққа мүше елдер арасында көптеген тауарлар, әсіресе, қуат көзін тасымалдау әлі күнге дейін шешілмеген мәселеге жатады.

ЕУРОПА ОДАҒЫН ЫҒЫСТЫРУ

Бірақ Ресей президенті Владимир Путиннің таяудағы мәлімдемесіне қарағанда Кеден Одағы мен Еуразия Одағының бағыты уақыт өте келе басқа тарапқа ауысуы мүмкін. Владивостокта өткен саммитте Путин: «Ресей Кеден Одағы мен Азия-Тынық мұхиты блогымен сауда ынтымақтастығын нығайтады» деді.

Путиннің айтуынша, Біртұтас экономикалық кеңістікке (БЭК) кіруге оншақты мемлекет өтініш білдіріп үлгерген. Кеден Одағы мен БЭК-тің қазіргі құрылымы Азия мен Еуропа арасында маңызды сауда байланысын қамтамасыз етуге қабілетті. Басылымның болжауынша, Ресей Азия елдерімен орнататын сауда қатынасына зор үміт артады. Елдің вице-премьері Игорь Шувалов Владивостокта алдағы 10 жылда Ресейдің Тынық мұхиты аймағындағы Азия елдерімен жасайтын сауда көлемі Еуропа Одағымен арадағы айналымынан асып түсуі мүмкін екенін айтқан.

НЕГЕ ВЬЕТНАМ?

Алайда мақала авторының пікірінше, Ресей басшыларының мәлімдемесі әлі де анық емес. Ресей ұсынып отырған жаңа сауда одағының соңы неге ұласары белгісіз. Себебі Кеден Одағы қазірдің өзінде ішкі өзгерістерді бастан кешуде. Бірақ сол күні-ақ Вьетнаммен жасалатын сауда қатынасының тиімді болашағы жайлы мәліметтерді біріккен мамандар тобы жариялап үлгерді. Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Виктор Христенко «Кеден Одағымен бірге еркін сауда аймағын құруға оннан аса ел ниет етті. Қазірдің өзінде 35 мемлекет осы жобаға араласуға ұсыныс білдірді. Еуразиялық экономикалық комиссия қазір жобаның барлық шарттары бойынша тыңғылықты түрде жұмыс жасап жатыр» деп хабарлады.

Мақала авторы соның өзінде жаңа жобаға орай көп мәселе әлі нақты айтылған жоқ деп санайды. Заңдық жағынан жетілдіріп, техникалық жағынан еркін сауда келісімін дамытып, жобаны жүзеге асыру процесі әлі бірталай жылға созылатын сияқты.

Басылым Ресейдің Вьетнамды таңдауы да қисынға келеді деп жазады. Себебі жаңа жобаны сынап көруде Ханой да өзінің Мәскеумен тарихи одақтастығын пайдаланып жатыр. Автордың болжауынша, егер бұл жоба сәтімен іске асатын болса, Вьетнам бұрынғы совет елдері үшін тоғыз жолдың торабында тұрған қолайлы сауда айлағына айналуы да мүмкін.
XS
SM
MD
LG