Accessibility links

Аманжан Рысқали депутаттық мандатын тапсырды


Қазақстан парламенті мәжілісінің ғимараты.
Қазақстан парламенті мәжілісінің ғимараты.
Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңесінің пленумында осы партиядан Қазақстан парламентінің мәжілісіне сайланған Аманжан Рысқалидың депутаттық мандатын орталық кеңестің хатшысы 45 жастағы кәсіпкер Талғат Ерғалиевке тапсыру туралы шешім қабылданды.

Бұл туралы партияның ресми сайтында жарияланған ақпаратта пленумға берген өз өтінішінде Аманжан Рысқалидың "моральдық-этикалық ой-пікірдің негізінде" осындай шешім қабылдағанын айтқаны жазылған. Партия төрағасы Азат Перуашев пленумда сөйлеген сөзінде Аманжан Рысқалидың "партияның мүшесі болып қалатындығын" айтқан.

1969 жылы Атырау облысында туған Аманжан Рысқали 2012 жылғы қаңтарда бесінші сайланған Қазақстан парламенті мәжілісіне «Ақ жол» демократиялық партиясының тізімі бойынша депутат болды. Алайда ол 3-қыркүйекте парламенттің кезекті сессиясының ашылуына қатыспады.

Өткен айда оның ағасы Бергей Рысқалиев Атырау облысының әкімі қызметінен босатылған соң Аманжан Рысқали да парламент мәжілісінің депутаты мандатын тапсырады екен деген ақпарат тарады. Бірақ 7-қыркүйек күні "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі партия жетекшісі Азат Перуашевтың "ондай мәселе (депутат Рысқалидың мандатын тапсыру туралы) пленумның күн тәртібінде тұрған жоқ" деп айтқан сөзін жариялаған еді.
XS
SM
MD
LG