Accessibility links

Атырау полициясы түнгі шабуыл туралы ақпарат берді


Атырау облыстық прокуратурасының ғимараты. Атырау, 14 қыркүйек 2012 ж.
Атырау облыстық прокуратурасының ғимараты. Атырау, 14 қыркүйек 2012 ж.
Бүгін Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова өткен түнде қалада болған төтенше оқиғаларға байланысты Азаттық радиосына төмендегідей мәлімет берді.

"14-қыркүйекте жергілікті уақытпен 23 сағат 52 минутта Атыраудағы Исатай-Махамбет атындағы алаң жанында белгісіз екі адам кезекшілік атқарып жүрген полиция қызметкеріне оқ атқан. Аяғынан жараланған полиция өкілі табельдік қарудан оларға қарсы оқ атқан соң әлгі екеу із жасырған.

15-қыркүйекте 00.10 сағатта белгісіз екеу Атырау қалалық ішкі істер басқармасына кіруге әрекет жасаған. Олар жанғыш сұйық зат құйылған шөлмекті бақылау-өткізу пунктіне лақтырып, құқық қызметкерлеріне оқ атқан, салдарынан 5546 әскери бөлімшесінің қызметкері жараланған. Полиция мекемесінің кезекшісі қызмет қаруынан оқ атқан соң белгісіз екеу қашып кеткен. Жараланған екі қызметкер де қазір ауруханада, олардың хал-жағдайы қанағаттанарлық" делінген полиция хабарламасында.

Полиция бұл оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғап, қылмыскерлерді анықтап, қолға түсіру мақсатында жедел тергеу амалдары жүріп жатқанын айтып отыр.

Белгісіздердің шабуылына ұшыраған Атырау қалалық ішкі істер басқармасының жанында облыстық прокуратура мен әкімдік ғимараттары да орналасқан.
XS
SM
MD
LG