Accessibility links

БҰҰ-ның жаңа өкілі Сирия президентімен кездесті


БҰҰ-ның Сирия жөніндегі жаңадан тағайындалған арнайы өкілі Лахдар Брахими. Дамаск, Сирия. 13 қыркүйек 2012 ж.
БҰҰ-ның Сирия жөніндегі жаңадан тағайындалған арнайы өкілі Лахдар Брахими. Дамаск, Сирия. 13 қыркүйек 2012 ж.
БҰҰ-ның Сирия жөніндегі жаңадан тағайындалған арнайы өкілі Лахдар Брахими бүгін Дамаскіде Сирия президенті Башар Асадпен алғаш рет кездесті.

Сириядағы жағдайды реттеу мәселесі туралы сөз болған кездесуден соң Лахдар Брахими Сириядағы билік пен оппозиция арасында барған сайын ушығып бара жатқан жанжалдың Сирия халқы мен аймақтағы өзге елдер, бүкіл әлем үшін қандай зор қауіпке айналатыны туралы ескертті.

Брахимимен кездесуде Башар Асад Сириядағы басты проблема – сириялықтардың өз арасында диалогтың жоқтығы деп айтқан. Мемлекеттік SANA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ресми Дамаск Брахимиге Сирия халқының мақсат-мүддесіне сай келетін бастамаларға қолдау білдіруге уәде етіп, бірақ ол іске шетелдер араласпасын деген талабын жеткізген.

Ұлыбританияда орналасқан Сирияның адам құқығы орталығының хабарлауынша, жұма күні Сирияда 150-ден астам адам қаза болған. Қазір Дамаск, Алеппо, Хомс және Дейр аз-Зор қалаларында ұрыстар жүріп жатқаны айтылады.

Халықаралық ұйымдардың деректері бойынша, былтырғы наурыз айынан бері Сирияда 27 мың адам құрбан болған.
XS
SM
MD
LG