Accessibility links

Құлсарыда қаза болған Еламан Отарбайдың сүйегі берілді


Күдіктілер бекінді деген үйдің қабырғасындағы қанға боялған жерлер. Құлсары, 12 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Ақ Жайық" газетінің сайтынан алынды.
Күдіктілер бекінді деген үйдің қабырғасындағы қанға боялған жерлер. Құлсары, 12 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Ақ Жайық" газетінің сайтынан алынды.
Бүгін Атыраудағы облыстық аурухана мәйітханасынан сәрсенбіде Құлсарыдағы атыста мерт болған Еламан Отарбайдың сүйегі туыстарына берілді деп хабарлады оған куә болған Азаттық тілшісі.

Кеше тағы екі адамның - ағайынды Сабыржан мен Дәулет Жанұзақовтардың денелерін туысқандары мәйітханадан алып кетіпті.

Мәйітханадағы тағы бір адамның сүйегін құқық қызметкерлері өзін сол жігіттің зайыбы едім деп таныстырған жас әйелге бермей қойды. Бет-аузын орамалмен тұмшалап байлап алған әлгі әйел журналистермен сөйлесуден бас тартты.

- Бұл әйел айтып тұрған жігіттің әкесі мәйітханадағы сүйекті қарап шығып "ол менің балам емес" деген соң полиция сүйекті бермей отыр, - деді баласы Еламан Отарбайдың сүйегін алуға келген анасы Бақсұлу Азаттық тілшісіне.

Ал бұлардан басқа мәйітханада жатқан шашы қысқа қиылған тағы бір жас жігіттің сүйегін алуға әлі ешкім келмепті. Полиция өкілдері қаза болғандардың аты-жөндерін айтпай отыр.

Бұған дейін Қазақстанның бас прокуратурасы 12-қыркүйекте Атырау облысы Құлсары қаласының 1-шағын ауданындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің бірінде "терроризмге қарсы операция" өткенін хабарлаған еді.

Прокуратураның дерегінше, оқиға болған жерден 5 мәйіт және ауыр жарақат алған бір тұлға табылған. Жұма күні ақпарат құралдары әлгі жаралының есін жиып, өз-өзіне келгені туралы ақпарат таратты.
XS
SM
MD
LG