Accessibility links

Жалған хабар тағы бір пойызды 5 сағатқа кідіртті


Жаңаөзен оқиғасына байланысты Шетпе тұрғындары пойыз тоқтатты. Шетпе стансасы. 17 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты Шетпе тұрғындары пойыз тоқтатты. Шетпе стансасы. 17 желтоқсан 2011 жыл.

«Ташкент-Екатеринбург» жолаушылар пойызы Жамбыл облысының Шу стансасынан 5 сағатқа кешігіп шықты» деп хабарлайды "Интерфакс-Казахстан" ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz.

Бұл ақпаратқа қарағанда кеше кешке, сағат 22.00 шамасында Мерке аудандық ішкі істер бөліміне әлдекім хабарласып, «Шу стансасына түн жарымында келетін №316 пойызға жарылғыш зат қойылғаны туралы" хабарлаған.

Оқиғаға байланысты дабыл қағылғаннан кейін Шу стансасына құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен өзге Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев та келген.

Жолаушылардың барлығын он шақты автобусқа отырғызып, вокзал маңынан алып кеткен. Ал 18 вагоннан құралатын жолаушылар пойызын арнайы шетке шығарып тексергенмен жарылғыш зат табылмаған.

Жексенбі таңғы сағат 4.30-да пойыз орнынан қайта қозғалған. Жарылғыш зат туралы жалған хабар берген адам табылып, оның осыған ұқсас қылмысы үшін сотталған Ресей азаматы екені анықталған.

Айта кетерлігі, кеше, сенбіде Атырау-Ақтөбе пойызы да Атырау қалалық теміржол вокзалының перронында байқалған күдікті сөмке салдарынан күнделікті жүріс кестесінен қалып қойған еді.
XS
SM
MD
LG