Accessibility links

Оқырмандардың "Чат-Айтысы" басталды


Азаттықтың Айтыс парақшасын қарап отырған оқырман. Көрнекі сурет
Азаттықтың Айтыс парақшасын қарап отырған оқырман. Көрнекі сурет
Онлайн платформада өтетін сайыста қатысушылар қайым айтыс жанры бойынша қолма-қол чат жазысады, ал сайт оқырмандары олардың өнеріне әділ қазы ретінде сол сәтте төрелік айтады.

Азаттық радиосы көпшіліктің ынтасы мен тілегін ескере отырып, онлайн режимде чат арқылы өтетін сөз сайысын қарапайым оқырмандар арасында ұйымдастырмақ.

Жарыстың жай-жапсарын анық түсіну үшін назарларыңызға «Чат-айтыстың» ережесін ұсынамыз.

«ЧАТ-АЙТЫС» ЕРЕЖЕСІ

Құрылымы:

Жеребе бойынша жұпталған екі ақын «Айтыс - Азаттықта» парақшасындағы «Чат-айтыс» мақаласының төменгі жағындағы форумға өлең мәтінін екі шумақ қылып кезек-кезек жазады. Бірінші шумақ қарсыласының ұйқасын жалғастыра жазылады да, екінші шумақ жаңа ұйқас бастайды.

Онлайн айтыс төрт сағатқа дейін созылады.

Оқырмандар сайтқа тікелей немесе Facebook арқылы тіркеліп, ұнатқан шумақтарына үш күн бойы дауыс бере алады.

Үш күннен соң ең көп дауыс алған айтыскер жеңімпаз деп жарияланады.

Жалпы ұйымдастыру формасы:

«Чат-айтыс» жүргізушісі белгілі 16 айтыскермен алдын-ала келісіп, тізімін жібереді. Олар жеребе бойынша анықталған 8 жұп болып, олимпиадалық тәсілмен сайысқа түсіп отырады. Яғни жеңген айтыскер келесі кезеңге шыға береді: 1/8, 1/4, 1/2 және финал.

Жүргізуші әр жұпқа жеке тақырып беріп отырады. Тақырып «Чат-айтысқа» бір күн қалғанда екі айтыскерге жария етіледі. Айтыскердің қарсыласына жауап беруіне 5 минут уақыт беріледі.

Жеңімпаз бен финалға шыққан қатысушыға Азаттық арнайы жүлде дайындап отыр.

АЛҒАШҚЫ ЧАТ-АЙТЫС ҚАТЫСУШЫЛАРЫ

Жаңа жобамызға қатысуға ниет еткен оқырмандардың белгілі болған 1/8 финалдың алғашқы жұптары мына азаматтар:

1. Шыңғыс Маман – Олжас Құлымбай

2. Мұсағали Тасқалиев - Бейбіт Мекеев

3. Ережеп Ақтамберді – Жанболат Қайырденов

4. Гомер* – Әуелхан Шонжан

Алғашқы жұп Шыңғыс пен Олжас Азаттықтың вебсайтында қыркүйектің 18-інде Алматы уақыты бойынша түскі сағат 14.00-де чат-айтыс өткізеді.

Азаттық радиосы Чат-Айтыстың жеңімпазы мен финалға шыққан оқырманына арнайы жүлде дайындап отыр.

Чат-Айтысқа қатысқысы келетін оқырмандар azattyq@rferl.org поштасына әлі де өтініш түсіре алады.

* Ескерту: кейбір оқырмандар бүркеншік атпен қатысуға өтініш қылды.
XS
SM
MD
LG