Accessibility links

Мұсылман актриса «Айшаның жасына» басқа қырынан қарайды


Каир дүкендерінде сатылып жатқан мұсылманша киімді қуыршақтар. Көрнекі сурет

Каир дүкендерінде сатылып жатқан мұсылманша киімді қуыршақтар. Көрнекі сурет

Ұлыбританиялық Мириам Франсуа-Сера ортағасырлық ағылшын королі Джонның қалыңдығы 12-ақ жаста болғанын еске салады.

Guardian («Гардиан») басылымы қыркүйектің 18-і күні Ислам мен Мұхаммед пайғамбарды әжуалап түсірген «Мұсылмандардың пәктігі» атты даулы фильмге қатысты жергілікті мұсылман актриса, қоғамдық белсенді, Оксфорд университетінің докторанты Мириам Франсуа-Сераның пікірін басты. Мақала авторы даулы мәселенің тарихи себептеріне тереңірек үңіліп, Исламды сынаушылардың тым біржақты кетіп қалғанын айтады.

Автор әуелі шығыстанушы, Ислам зерттеушісі Уотт Монтгомеридің: «Әлемдегі ең атақты тұлғалардың ішінде дәл Мұхаммед пайғамбардай қаралауға ұшыраған адам жоқ» деген пікірін келтіреді. Франсуа-Сераның ойынша, америкалық ғалымның бұл пікірінің растығы «Мұсылмандардың пәктігіне» қатысты мұсылман әлемінің кейбір елдері наразылық танытып, толқып жатқан кезде ерекше қатты сезілетін сияқты.

«АЙШАНЫҢ ЖАСЫ НЕШЕДЕ ЕДІ?»

Мақала авторы Исламды сынаушылардың арасында осыған ұқсас оқиға екінші рет қайталанып отырғандықтан мұндай даудың шығу төркініне тереңірек үңілгенді жөн санайды. Исламды сынаушылар Мұхаммед пайғамбардың жұбайларының бірі болған Айшаның 6 жасында некеленіп, 9 жасында 50 жастағы пайғамбарға тұрмысқа шыққаны жайлы мәліметті хадиске сүйеніп көлденең келтіреді.

Автордың ойынша, көптеген мұсылмандардың бұл хадиске шүбә келтірмеуі де даудың үдей түсуіне себеп болған. Қазіргі мұсылмандардың басым көпшілігі 9 жасар қыз баласын ұзатуға келіспесе де, Құран аяттарын дәлел ретінде келтіріп, Айша физиологиялық жағынан жетілгесін ғана тұрмысқа шыққан деп сенеді.
Ұлыбританиялық мұсылман актриса, қоғамдық белсенді, Оксфорд университетінің докторанты Мириам Франсуа-Сера. Facebook желісінен алынған сурет

Ұлыбританиялық мұсылман актриса, қоғамдық белсенді, Оксфорд университетінің докторанты Мириам Франсуа-Сера. Facebook желісінен алынған сурет


Бұған қарағанда Айша тұрмысқа шыққан кезде жас болуы мүмкін, бірақ сол заманғы өлшем бойынша бала болып та саналмаған. 7-ғасырдағы Арабияда қыз баланың бой жеткені оның жыныстық жағынан жетілгеніне қарап анықталған. Дәл сол заманда Еуропада да осындай өлшем норма болған. Автор осы тұста ортағасырлық ағылшын королі Джонның 12 жастағы қызға үйленгенін мысал етеді. Сосын өз заманында пайғамбардың дұшпандары Айшаның үйленген кезіндегі жастығына мүлде мән бермегеніне назар аудартады.

Пікір иесінің жазуынша, мұсылмандардың тағы бір тобы «хадис бойынша оның жасы сол кезде алтыда еді» дейтін дерекке күмәнмен қарайды. Себебі ол заманда баланың туған күні мен жылы қазіргідей тіркелмеген. Адамдар ол кезде туған күндерін атап өтпейтін және ол қоғамда адамдар жасын ұлғайтып көрсететін үрдіс болатын деген пікір айтады ол. Сондықтан Айшаның үйленген кездегі жасы басқаша болуы әбден мүмкін. Қала берді Айша пайғамбарға тұрмысқа шыққанға дейін де «бой жетті» деген себеппен басқа бір адамға атастырылып қойған еді. Осы оқиғаның бәрі алты жасар қыздың басынан өтті дегенге сену қиын дейді автор.

«КҮМӘНДІ ХАДИС»

Комментарий авторы бұл деректерден бөлек қазіргі замандағы мұсылман ғалымдарының де осы мәселеге байланысты тұжырымдарын келтіруді ұмытпаған. Ғалымдар да «Айшаның өзі айтқан» деген хадисті сенімді ақпарат көзі деп санамайды.

«Ислам діні бойынша хадистер Құранға қосымша мәлімет болып саналады. Құран Алланың тікелей сөзбе-сөз түскен уахиы деп саналса, хадистер біраз уақыт барысында ауызша, сол себепті кемшіліктен де ада емес әдістермен жетіп отырған деп қабылданады» деп ой өрбітеді автор.
Құран оқып отырған адам. Көрнекі сурет

Құран оқып отырған адам. Көрнекі сурет


Айшаның жас мөлшеріне қатысты бүкіл ақпаратты саралай келе қазіргі ғалымдар оның жасын 9 бен 19 жас аралығында болған деп есептейді. Мақала авторы Айшаның жасын дәл айтудың қиындығын ескерте отырып, неке жайлы Құранның үкіміне жүгінген. Құран аяты бойынша неке үйленуші ер мен әйел бірдей келіскен жағдайда ғана заңды саналады. Ислам бойынша әйел адам өз жұбайын таңдауға құқылы. Франсуа-Сераның пайымдауынша, кейбір мұсылман басшылар мен жекелеген мұсылмандардың іс-әрекеті бұл мәселеде Құранға сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ пайғамбардың жүріс-тұрысы Құран ілімінің жерде жүзеге асқан үлгісі ретінде көрінген.

Автор өкінішке орай қазіргі кезде көптеген мұсылман елдердегі жас қыздар экономикалық қиыншылықтан ұзатылатынын жазады. Кейбір елде оған саясаттың да ықпалы бар. Автор осыған орай екі мұсылман елін мысалға келтірген. Иран мен Сауд Арабиясы Айшаның «ұзатылған кездегі жасын» сылтауратып, қыз баланың тұрмысқа шығатын жасын азайтуды қарастырып жатыр. Олардың осы ұсыныстары Исламның табиғатын да, пайғамбардың сүннетін де емес, сол елдегі патриархалдық, өктемшіл режимдердің сипатын білдіріп тұр деп баға береді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG