Accessibility links

Прокуратура «Мұсылмандардың пәктігі» фильмін экстремистік деп тануды сұрайды


Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Қазақстанның прокуратура органдары ел аумағында «Мұсылмандардың пәктігі» фильміне тыйым салуды сұрап сотқа жүгінгені туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«2012 жылғы 21 қыркүйекте прокуратура органдары мазмұнында дiни араздықты қоздырудың белгілері бар «Мұсылмандардың пәктігі» бейнефильмін экстремистік деп тану және оны Қазақстан Республикасы аумағына әкелуге, шығаруға және таратуға тыйым салу жөніндегі сот өндірісіне бастама жасады» делінген прокуратураның хабарламасында.

Қазір бұл істі Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты қарауына алған.

Кеше Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы әлем мұсылмандарының наразылығын тудырған фильмді айыптап мәлімдеме жариялаған еді. Онда Қазақстан мұсылмандарының фильмді айыптайтыны, бірақ бұл «арандатушы» фильмге зорлық-зомбылық жасау арқылы наразылық танытпауға шақыратыны айтылады.

АҚШ-та түсірілген «Мұсылмандардың пәктігі» фильмі осы айда әлемнің бірқатар мұсылман елдерінде наразылықтың өршуіне себеп болды. Соның салдарынан күні бүгінге дейін әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыстар кезінде ондаған адамның өмірі қиылды. Қыркүйектің 11-і күні Ливиядағы Бенгази қаласында фильмге қарсы наразылық зорлық-зомбылыққа ұласып АҚШ-тың сол елдегі елшісі және тағы үш дипломат өлтірілді.

АҚШ президенті Барак Обама мен мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон атышулы фильмді айыптады.
XS
SM
MD
LG