Accessibility links

Министрлік күдіктілерді "экстремистік топ мүшелері" деді


Белгісіз топпен қақтығыс кезіндегі арнайы полиция жасағы. Алматы, 30 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет).

Белгісіз топпен қақтығыс кезіндегі арнайы полиция жасағы. Алматы, 30 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет).

Іле-Алатау ұлттық паркіндегі адам өліміне күдіктілердің барлығы экстремистік топтың мүшелері екені анықталды деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Министрліктің баспасөз қызметінің ақпарына қарағанда, "тергеу амалдары барысында олардың жеке бастары да толық анықталған".

"Заңсыз тұрғыда болғандықтан олар тұрғылықты орындарын жиі ауыстырып, жалға берілетін бөлмелерді пайдаланған, соның ішінде Алматы облысы Таусамал кентіндегі үйде тұрған, сол жерде ағымдағы жылдың шілдесінде қолдан жасалған қондырғы жарылған, сонымен қатар Бағанашыл кентінде тұрған, ол жерде арнайы операция өткізу барысында топтың басым бөлігі жойылған" делінген министрліктің хабарламасында.

Қазір аталған фактілер бойынша қылмыстық істер бір іске біріктіріліп, арнайы прокурор басқаратын ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған.

Бұған дейін "қылмысты жасады" деген күдікпен Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Саян Хайров және Жамбыл облысының тұрғыны Зәуірбек Ботабаевтың "радикалды ислам ағымының екі мүшесі" ретінде іздестіріліп жатқаны туралы хабарланған еді. Министрлік Хайровтың 1975 жылы, Ботабаевтың 1975 жылы туғанын хабарлап отыр.

2012 жылы 11 шілдесінде Алматы облысының Таусамал кентінде жүргізілген арнайы операция кезінде тоғыз адам қаза тапқан еді. Бұл оқиғаға байланысты «терроризмге дайындалу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ал тамыз айының ортасында Іле Алатау ұлттық паркінің аумағынан 11 адамның мәйіті табылған еді. Олардың арасында ұлттық парктің қорықшысы Панайота Захаропулоның да мәйіті болған. Бұған дейін күдікті ретінде қорықшы Алексей Шкилев те қамауға алынып, оған «заңсыз қару сақтағаны» үшін айып тағылған. Ақпарат бойынша, қазір іздеу жарияланған азмат - мерт болған қорықшының 51 жастағы баласы Игорь Захаропулов әлі табылмаған.
XS
SM
MD
LG