Accessibility links

Қашағанда шетелдік және қазақстандық жұмысшылар төбелескен


Қашаған кенішіне қарасты «Д» жасанды аралы. 2009 жылғы сурет.

Қашаған кенішіне қарасты «Д» жасанды аралы. 2009 жылғы сурет.

Атырау облысындағы Қашаған кенішіне қарасты «Д» жасанды аралында ондаған адам жаппай төбелескен оқиға болғаны туралы ақпаратты «Норт Каспиан Оперейтинг Компании» кәсіпорнының баспасөз қызметі растаған. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, болмашы тұрмыстық жанжалдың соңы қазақстандық және үнді жұмысшыларының арасында төбелеске ұласқан. Салдарынан жарақат алған шетелдік бір азамат тікұшақпен Атырауға жеткізілген, тағы бірнеше шетелдік таяқ жеген.

Бұған дейін Атыраулық «Ақ жайық» басылымы «Д» аралындағы оқиға бейсенбі күні болған деп жазған еді.

Аралға құқық органдарының өкілдері барған соң жағдай тынышталған, алайда үндістандық азаматтардың жұмысқа шығуға жүрексініп отырғаны айтылады.

«Норт Каспиан Оперейтинг Компании» кәсіпорнының баспасөз қызметі болған оқиға туралы арнайы баспасөз хабарламасы әзірленіп жатқанын, оны жариялау үшін жобаға қатысушылардың барлығының келісімі қажет болатынын айтқан.
XS
SM
MD
LG