Accessibility links

Грузиядағы сайлауда оппозиция басым тұр


Грузия оппозициясының жақтаушылары. Тбилиси, 2 қазан 2012 жыл.
Грузия оппозициясының жақтаушылары. Тбилиси, 2 қазан 2012 жыл.
Грузия орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 3766 сайлау учаскесінің 3343-індегі бюллетеньдерді санап, осы дерек негізінде алдын ала мәлімет жариялады.

Бұл дерекке қарағанда, әзірше грузин миллиардері Бидзина Иванишвилидің оппозициялық "Грузин арманы" коалициясы 54,84 пайыз, ал Грузия президенті Михаил Саакашвилидің биліктегі "Біріккен ұлттық қозғалысы" 40,42 пайыз дауыс алған.

ӨЗГЕ 14 ПАРТИЯҒА - 5 ПАЙЫЗ

Сайлауға барлығы 16 партия түскен. Басқа 14 партияны дауыс берушілердің 5 пайызы ғана қолдаған. ОСК мәліметі бойынша, сайлауға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 61 пайызы қатысқан.

BBC-дің ақпараты бойынша, бір мандатты мажоритарлы округтердегі бәсекеде оппозиция мен басқарушы партия өкілдері дауыс саны бойынша тең түскен. Парламенттегі 150 депутаттың 77-сі партиялық тізіммен, 73-і мажоритарлы тәсілмен бір мандатты округтен сайланады.

Оппозиция жетекшісі миллиардер Бидзина Иванишвили дауыс беру аяқталған соң жергілікті телеарналар арқылы "оппозиция жеңді" деп мәлімдеген.

- Грузия тарихында азаматтар тұңғыш рет үкіметті сайлау арқылы ауыстырып отыр. Бұл Грузия тарихындағы ең үлкен оқиға және ол тарихта алтын әріптермен жазылатын болады. Халық билікті де, оппозицияны да заң аясында жұмыс істеуге көндіре алды, - деді оппозиция жетекшісі.

Оппозиция жақтастары түнде Тбилисидегі "Бостандық алаңына" жиналып, жеңісті тойлауды бастап кеткен.

"ДЕМОКРАТИЯНЫ БІРГЕ ОРНАТУЫМЫЗ КЕРЕК"

Грузия ОСК-сінің мәліметтерінен кейін ел президенті Михаил Саакашвили оппозицияға қарата:

- Сайлау науқанындағы бәсекенің қатты болғанына қарамастан, бірге жұмыс істеп үйренуіміз керек. Бәріміз - грузинбіз, өз еліміздің азаматтарымыз. Барлығымыз бір болып, демократияны орнатуға болысуымыз керек, - деді.

Қазанның 2-сі күні сәл кешірек жасаған тағы бір мәлімдемесінде Саакашвили оппозицияның жеңісін мойындаған кейіпте сөйледі. Ол өзі басқаратын "Біріккен ұлттық қозғалыстың" оппозицияға айналатынын жариялады.

- Оппозициялық күш ретінде елдің болашағы туралы ойлаймыз, Грузияны дамыту үшін соңғы жылдары жасалған игі өзгерістерді қорғаймыз, - деді ол.

Грузия президенті Михаил Саакашвили отбасымен бірге дауыс беруге келді. Тблиси, 1 қазан 2012 жыл.
Грузия президенті Михаил Саакашвили отбасымен бірге дауыс беруге келді. Тблиси, 1 қазан 2012 жыл.
Ал Грузияның ОСК төрағасы Зураб Харатишвили Хашури қаласының бірнеше сайлау учаскесінде дауыс беру нәтижелері есепке алынбауы мүмкін екенін айтады. Мұнда жергілікті тұрғындар мен полиция арасында жанжал болған. Оппозициялық "Маэстро" телеарнасы арнайы жасақ сарбаздары адамдарды қуып таратты деп хабарлады. Онда арнайы жасақтың көзден жас ағызатын газ қолданып, резеңке оқтармен атқаны айтылады. Бірақ елдің ішкі істер министрлігі арнайы қару қолданылғанын жоққа шығарды.

Бұл сайлау - Грузия үшін конституциялық өзгерістердің күшіне енуінің қарсаңында болған маңызды оқиға. Келесі жылғы президент сайлауынан кейін парламент пен премьер-министрдің құзыры кеңейіп, Грузия президентінің билігі шектеледі.

Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін Грузия үкіметі ең жоғарғы билік органына айналмақ. Президент тек премьерлікке парламент анықтаған адамды бекітеді.

Грузиядағы парламент сайлауының ресми ақтық нәтижесі 20 күннен кейін белгілі болады. 2 қазан күні бірқатар Батыс мемлекеттері мен халықаралық ұйымдар Грузияда өткен сайлауды "еркін, әрі әділ" деп танитындарын мәлімдеді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЯСАТКЕРЛЕРДІҢ ПІКІРІ

Қазақстандық кейбір саясаткерлер Грузия оппозициясының жеңісі де Саакашвили жасаған саяси реформалардың жемісі деп біледі.

Грузиядағы парламент сайлауының нәтижелеріне байланысты жергілікті саяси топ жетекшілерімен сөйлескенімізде олар "шынайы тәуелсіз елде өткен әділ сайлау" деген сипаттаулар айтты.

Қазақстанның коммунистік халық партиясының жетекшісі Владислав Косарев:

- Бұл сайлау грузин халқының ешкімге тәуелді емес екенін көрсетті. Сакаашвили біржола жеңілді. Грузиядағы ең мықты деген партия (президенттің "Біріккен ұлттық қозғалысы" – ред.) саяси аренадан кетті. Ал жеңіске жеткен «Грузин арманы» партиясы елді өзгертуі мүмкін. Енді келер жылы Грузияда президент сайлауы. Бәлкім, Саакашвили үшін сол кезде саяси аренадан түсетін шақ та туар, - деді.

Ал оппозициялық саясаткер Төлеген Жүкеев:

- Сайлау әділ өткеннің белгісі - осы. Бұл - халықтың Сакаашвили партиясының
жұмысына берген бағасы. Сайлаудың нәтижесіне соңғы екі-үш аптаның көлемінде болған жағдайлар әсер етті. Грузия түрмелеріндегі оқиғалардың видеосының өзі зор рөл ойнады. Бұдан бөлек, миллиардер Иванишвили сайлауда жеңіске жету үшін насихат жұмыстарына ақшаны аяған жоқ. Сондықтан да, бұл сайлауда ақша да маңызды рөл атқарды. Иванишвилидің қолында газет те, телевидение де бар. Соларға ақша салу арқылы халыққа өзінің ойын өткізе алды, - деп түйді.

Тағы бір оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин:

- Грузиядағы оппозицияның жеңісі – Сакаашвилидің еңбегінің жеңісі. Ол елдегі сайлаудың нәтижесіне қол салған жоқ. Ал Қазақстанда керісінше, оппозиция үстінен іс қозғалып, жеті жыл бойы тіркеле алмаған «Алға» партиясының жетекшісі Козловтың соты бір жарым айға созылып кетті. Грузияда оппозиция жеңіске жетіп жатса, Қазақстанда оппозицияны қуғындау процесі жүріп жатыр. Демек Грузияның болашағы жақсы. Бұл елде демократияның механизмдері жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Оппозицияның бейбіт түрде жеңіске жетуі көп елдерге үлгі болары анық, - деген ой айтты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Сайлаудан кейінгі Грузия

XS
SM
MD
LG