Accessibility links

Грузия президенті: Біз оппозиция жағына өтеміз


Михаил Саакашвили парламент сайлауына дауыс берген кабинадан шығып келеді. Тбилиси, 1 қазан 2012 жыл.
Михаил Саакашвили парламент сайлауына дауыс берген кабинадан шығып келеді. Тбилиси, 1 қазан 2012 жыл.
Грузия президенті Михаил Саакашвили өзі басқаратын "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы оппозиция жағына өтетінін мәлімдеді.

Азаттық радиосы Грузин қызметінің хабарлауынша, сейсенбіде телеарна арқылы жасаған арнайы мәлімдемесінде Саакашвили оппозициялық "Грузия арманы" коалициясының ұстанымдарының дұрыс болмағанын және оларды қабылдай алмағанын айтты.

"Бірақ демократия бойынша шешімді көпшілік дауыспен грузин халқы қабылдайды. Біз грузин халқының таңдауын құрметтейміз" деді Саакашвили.

Михаил Саакашвили парламент сайлауынан соң мемлекет басшысы ретінде парламент төрағасын таңдап, жаңа үкіметті жасақтауға жағдай жасайтынын айтты.

"Бірыңғай ұлттық қозғалыстың жетекшісі ретінде партиямыздың оппозиция жағына өтетінін мәлімдеймін. Біз оппозициялық күш ретінде елдің болашағын ойлап, Грузияда соңғы жылдары болған өзгерістердің сақталуы үшін күресеміз" деді Саакашвили.

Михаил Саакашвили қазіргі үкімет пен президенттің саясатын қолдаған жақтастарына алғыс білдіріп, Грузияның дамуы мен көркею жолындағы саясатына балама жоқ екенін айтты.
XS
SM
MD
LG