Accessibility links

Рысқалиевтер Лондонда жүр деген хабар тарады


Аманжан Рысқали

Аманжан Рысқали

Ағайынды Аманжан және Бергей Рысқалиевтердің Лондон қаласында жүргені рас па деген журналистердің сұрағына бүгін Қазақстанның экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Андрей Лукин:

«Біз ондай ақпаратты растай да, жоққа шығара да алмаймыз. Қазір бұл ақпаратты тексеріп жатырмыз», - деп қысқа жауап берді.

Мәжілістің бұрынғы депутаты Аманжан Рысқали мен оның ағасы, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевті жақында Ұлыбританияның астанасындағы бір кафеден көріпті деген ақпарат бүгін Forbes Kazakhstan сайтында жарияланған еді.

Өткен айдың ортасында парламент мәжілісінің депутаты мандатын тапсырғаны хабарланған Аманжан Рысқалиды қазанның 1-күні Атырау қалалық соты "алаяқтық жасаған" деген айыппен қамауға алу туралы сырттай санкция берген соң, қазір ол іздеуде жүр. "Ақ жол" партиясы сейсенбіде шұғыл жиын өткізіп, Аманжан Рысқалидың осы ұйымға мүшелігі тоқтатылғаны туралы шешім қабылдады.

Экс-депутаттың ағасы Бергей Рысқалиев Атырау облысының әкімі қызметінен босағаннан кейін қазақстандық кейбір ақпарат құралдары ағайынды екеу ел аумағынан шығып кеткен деген хабар таратқан еді. Алайда ресми орындар ондай ақпаратты растап немесе жоққа шығаратындай түсінік берген емес.
XS
SM
MD
LG