Accessibility links

Ресми мекемелер: Козловтың сотында саяси астар жоқ


Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.
Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.
"Владимир Козловтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі әділ және бейтарап жағдайда өтті" деп мәлімдеді сейсенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Абибуллаев.

"Бұл сотта әділеттілік болған жоқ деген саяси сарындағы уәждермен үзілді-кесілді келіспеймін" деді Абибуллаев. Ол сот процесінің "ашық жағдайда өткенін, оған барлық БАҚ, әртүрлі елден келген қоғамдық ұйым өкілдері қатысқанын" айтты.

"Владимир Козовқа қатысты сот шешімінде ешқандай саяси астар жоқ" деген мәлімдемені сейсенбі күні Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков те жасады. "Козловтың тапсырмасы бойынша жұмыстан босатылғандар арасында таратылған үндеу хаттарында, сотталушылардың үндеулері мен әңгімелерінде әлеуметтік араздықты қоздыру, билікті күштеп құлатуға шақырулар белгілері барын сарапшылар анықтады" деді Сүйіндіков.

Бұған дейін АҚШ пен бірнеше халықаралық құқық қорғаушы ұйым Козловқа шығарылған сот үкіміне байланысты алаңдаушылық білдірген еді.

Дүйсенбі, 8 қазан күні Ақтаудағы Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың мүлкін тәркілеп, өзін 7 жыл 6 ай жазаға кесу туралы үкім шығарды. Осы іс бойынша айып тағылған тағы екі адамға шартты жаза берілді.
XS
SM
MD
LG