Accessibility links

Неміс үкіметі өкілі Козловқа рақымшылық жасауға шақырды


Германия үкіметінің адам құқығы жөніндегі уәкілі Маркус Лёнинг.

Германия үкіметінің адам құқығы жөніндегі уәкілі Маркус Лёнинг.

Германия сыртқы істер министрлігінің адам құқықтары мен гуманитарлық көмек комиссары Маркус Лёнинг сейсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловқа рақымшылық жасауға шақырды.

Бұл ақпаратты таратқан «Неміс толқынының» жазуынша, Лёнинг: «Қазақстандық оппозиционер Жаңаөзендегі мұнайшылардың құқығы үшін және оларға лайықты еңбекақы төленуін қолдап күресті, мұндай іс-әрекет заңды болып саналады. Осы ісі үшін оны жеті жылдан астам уақытқа түрмеге отырғызу мүлде қабылдауға келмейді және саяси астары барын аңғартады. Мемлекет саяси белсенділікті қуғындамай, қайта оны қорғауы тиіс» деді.

Дүйсенбі күні Ақтаудағы Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың мүлкін тәркілеп, өзін 7 жыл 6 ай жазаға кесу туралы үкім шығарды. Осы іс бойынша сотқа тартылған тағы екі адамды шартты түрде 4-5 жылға соттады.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар, Еуропа одағы және АҚШ Ақтаудағы соттың үкіміне байланысты алаңдаушылық білдірді.
XS
SM
MD
LG