Accessibility links

Өзбек елшілігі «Каримованың ісіне» қатысты кәсіпкерді айыптады


Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова. Ташкент, 30 қыркүйек 2012 жыл.
Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова. Ташкент, 30 қыркүйек 2012 жыл.
Өзбекстан елшілігі президенттерінің қызы Гүлнара Каримоваға және Швецияда «ақша жымқырды» деген күдікпен тергеуге ілінген төрт азаматының ісіне қатысты ақпарат таратты.

Le Temps басылымының осы іске байланысты жолдаған сауалына Берлинде орналасқан Өзбекстан елшілігі басшылары жазбаша жауап берген.

Олар тергеу басталған соң ұшты-күйлі жоғалған кәсіпкердің жасырынып жүрген мекені жайлы да айтып өткен.

«ҮЛКЕН АЛАЯҚ»

Елшіліктің қазан айының 11-і күні жолдаған хатында кәсіпкер Бекзод Ахмедовты «үлкен көлемде алаяқтық жасағаны» үшін айыптайды.

Одан бөлек, елшілік «кәсіпкердің Ресейдегі әріптестері оның қамаудан қашып құтылуына жәрдем берген» деп жазады.

Le Temps-ке келген жауапта Ахмедовтың Швециядағы тергеуге шақырылғанынан бөлек, Өзбекстан үкіметі мен Ресейдің МТС мобильді байланыс фирмасымен арадағы жанжалға да қатысы бар екені айтылған.
Өзбек сайттарының біріне шыққан Бекзод Ахмедовтың тұтқындалғаны туралы ақпарат. 15 тамыз 2012 жыл.
Өзбек сайттарының біріне шыққан Бекзод Ахмедовтың тұтқындалғаны туралы ақпарат. 15 тамыз 2012 жыл.

МТС-тің Өзбекстандағы филиалын басқарған Ахмедов өткен жазда Өзбекстаннан қашып кетті. Өзбекстан үкіметі компанияның лицензияларын тоқтатып, «қаржылық қателіктері» үшін бір миллиард доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген. Ал МТС «компаниядан ақша алу үшін бізге жалған айыптар тағып отыр» деп Өзбекстан үкіметін айыптайды.

Әзірше Ахмедовтың қайда жүргені белгісіз. Өзбекстан үкіметінің өтінішімен Интерпол Ахмедовты тұтқындауға бұйрық берген.

Өзбек елшілігінің жауабында Ташкент соты қыркүйектің 17-сі күні Ахмедовке «қызметін теріс мақсатта пайдаланғаны үшін және алаяқтық жасағаны үшін айып таққаны» жазылған. Кәсіпкер «заңсыз алған ақшаларын 2008-2012 жылдар аралығында заңдастырған» адам ретінде сипатталған.

Құжатта Өзбекстанның Германиядағы елшілігі Ахмедов басқарған «Uzdunrobita» филиалын «24 миллиард 400 мың өзбек сомын (12 миллион доллар) жымқырған» деп, одан бөлек Ахмедовты «мемлекет қазынасына 1 триллион 2 миллиард сом (617 миллиард доллар) салық төлеуден жалтарды және өздеріне тиесілі емес 543 миллиард сом қаржыны (280 миллион доллар) «таза табыс» ретінде жалған көрсеткен» деп айыптаған.

Сонымен қатар «өте үлкен көлемдегі қаржы сомасы жұмысшыларға ай сайын төленген жалақы ретінде Ахмедовтың Мәскеудегі «Реконстуркция и развитие» деп аталатын банктегі есеп-шотына аударылғаны» да айтылған.

«ҚАЗАҚСТАН-СТАМБУЛ-ПАРИЖ-ЕРЕВАН-МӘСКЕУ»

Елшілік жауабында Ахмедовтың Өзбекстаннан қай елдер арқылы қашқанына қатысты да деректер беріліпті.
Интерпол сайтындағы MTS-Uzbekistan компаниясының директоры Бекзод Ахмедовқа жарияланған іздеу. 22 маусым 2012 жыл.
Интерпол сайтындағы MTS-Uzbekistan компаниясының директоры Бекзод Ахмедовқа жарияланған іздеу. 22 маусым 2012 жыл.

Өзбекстанның бас прокуратурасының мәліметі бойынша, «Ахмедов маусымның 6-сы күні Өзбекстаннан Қазақстанға өткен. Қазақстаннан маусымның 9-ы күні - Стамбулға, одан іле-шала Парижге барған. Парижде әріптестерімен бірігіп, қаржы проблемасын шешкен». Елшілік «Маусымның 19-ы күні Мәскеуге ұшып келгенге дейін Арменияның астанасы Ереван қаласында болған. Әлі Мәскеу қаласында жүруі мүмкін» деп жазады.

Елшілік өкілдері Ахмедовтың «сапарларын» растайтын ұшақ билеттерінің нөмірлерін де көрсеткен.

Одан бөлек Өзбекстан тарапы «МТС басшылары оны Ресей жерінде ешқандай кедергіге ұшыратпай, кеден қызметі мен басқа да тексеру бекеттерін айналып өтуіне жәрдемдескен» деп хабарлаған.

Хатта «Тергеушілер «МТС басшылары бізге оқиғаның анық-қанығын зерттеуге және Бекзод Ахмедовке қатысты деректерді анықтауға көмектеспей жатыр» деп мәлімдеді» деп жазылған.

МТС басшылары Le Temps-пен байланысып, «Ахмедовтың қайда жүргеніне қатысты ешқандай ақпарат білмейтіндерін» айтқан.

АХМЕДОВ, ЕРГАШЕВ, САБИРОВ ЖӘНЕ АВАКЯН

Le Temps басылымы Ахмедовтың Швеция банкіндегі есеп-шотына байланысты сауалдар жолдағанмен, Өзбекстан елшілігі оларға жауап берген жоқ. Le Temps «Швеция үкіметі әр түрлі есеп-шоттарда сақтаулы жатқан 600 миллион франк (640 миллион доллар) ақшаны құрсаулап тастады» деп жазады.

Мақалада одан бөлек «Ахмедовтың банктегі есеп-шоттарының Алишер Ергашев, Шохрух Сабиров, Гаян Авакян есімді Өзбекстан азаматтарымен де байланысты» екені жазылған.

Ергашев пен Сабиров шілде айының соңында Женевадағы құрсауланған ақшалары сақтаулы жатқан Lombard Odier банкінің маңында қамауға алынған. Екі азамат та Каримованың бұрынғы күйеуінің иелігінде болған Өзбекстандағы Coca-Cola фирмасының құрылтайшылары ретінде белгілі.

Авакян - Швецияда тексеріліп жатқан Takilant компаниясының директоры.
Швециялық прокурорлар жартылай мемлекет меншігіндегі Швецияның
Гүлнара Каримова мен Гаяне Авакян.
Гүлнара Каримова мен Гаяне Авакян.
телекоммуникациялық TeliaSonera фирмасы Өзбекстан нарығына кіру үшін және 3G лицензияларын алу үшін Takilant-қа 320 миллион доллар ақшаны заңсыз төледі ме, жоқ па - соны тексеріп жатыр.

Швецияның да, Швейцарияның да тергеушілері жеке байлығы 500 миллион доллар болатын Өзбекстан президентінің қызы Каримова мен жоғарыда аталған төрт өзбек азаматының арасында қаржылық байланыстың бар-жоғын да білгісі келеді.

Авакян - Каримованың Ташкенттегі «Дом Стиля» деп аталатын сән үйінің директоры. Ол Каримовамен бірге талай рет суретке де түскен.

Швециялық журналистің осы аптада Францияда тапқан құжаттары Takilant компаниясында Авакянмен бірге істейтін Ергашевтің Каримовамен байланысы бар екенін әшкере етті.

Le Temps басылымы «Швецияның бас прокуротурасы Франциядан табылған құжаттарға қатысты қандай да бір мәлімет беруден бас тартқанын» да жазған.

Басылым Женевадағы дипломатиялық комитеттің осы іске қатысты пікірін берген. Аттарын атамаған комитет өкілдерінің айтуынша, «бұл істің БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде Өзбекстанның тұрақты өкілі қызметін атқарып отырған Каримоваға қатысты болуы неғайбіл».

Жұрт 40 жастағы Каримованы Орталық Азияда ең репрессивті режим орнатқан деп есептелетін әкесі Ислам Каримовтың тақ мұрагері деп санайды.
XS
SM
MD
LG