Accessibility links

Ресейлік маман: Қазақстандағы мұнай өңдеу мүлдем артта қалған


Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет

Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет

"Шымкент пен Атыраудағы зауыттар әлі А-76 мен АИ-80 шығарып отыр. Ал Мәскеуде мұндай бензинмен жүретін көлік те таппайсыз" дейді ресейлік маман "Нефть и газ Евразия" журналына.

Ресейлік "Нефть и Газ Евразия" журналының қазан айындағы нөміріне берген сұхбатында жергілікті маман Владимир Булатников Кеден Одағы елдерінің мұнай өнімдеріне қатысты 2013 жылы бірыңғай жаңа регламентке өту кезінде қиындықтар тууы мүмкін деп есептейді.

Булатников соңғы 20 жыл ішінде Ресей, Беларусь пен Қазақстан мұнай өңдеу ісінде әртүрлі қарқынмен дамып келе жатқанын айтады. Сол себепті әрбір жаңа класқа өту кезінде бірдей шарттарды ұстанып отыру мүмкін болмаған. Кедендік шекара болмағандықтан болашақта бұл елдердің арасында ары-бері тасымалданатын өңделген мұнайды тауар ретінде тексеру қиынға түспекші. "Бензинге тауар белгісін соға алмайсыз ғой" дейді ол.
Мәскеу көшесіндегі көлік. 3 шілде 2011 жыл

Мәскеу көшесіндегі көлік. 3 шілде 2011 жыл


"Қазақстанда мұнай өңдеу ісі қатты артта қалған. Атырау зауытында бензиннің 70 пайызы дерлік – А76, Шымкентте жартысынан астамы - АИ80. Қазір Мәскеу көшелерімен жүріп өтіңізші, А80 бензин сататын жанар-жағар май бекетін таба алар ма екенсіз. Мұндай класты бензин өндіруге рұқсат болса да, ешкім сатпайды. Неге? Сұраныс жоқ. Мұндай бензин тұтынатын автопарктер жоқтың қасы. ГАЗ-53 мен ЗИЛ-130 сияқты ескі жүк машиналарын қазір ешкім құрастырмайды, барлары тозып біткен" дейді Булатников.

Басылымның "Қазақстандағы автопарктің өте ескі болғаны ғой?" деген сұрағына ресейлік маман "Иә" деп жауап береді де, бұл салада Беларусьтің әлдеқайда алға кеткенін айтады.

"Беларусьте жақсы жарақталған екі мұнай өңдеу зауыты бар. Олардың қиындықтары да басқаша - зауыттарының мұнай өңдеу қуаты елдің ішкі сұранысынан әлдеқайда артық. Беларустар жылына 30 миллион тонна өңдеп отыр, ал оларға керегі - алты-ақ миллион" дейді маман.

"Қалған артық өнімді Беларусь қайда жібереді?" деген сұраққа маман бензиннің Ресей мен Украинаға сатылып жатқанын айтқан. Булатников Украинаның бір ғана Кременчугтағы мұнай өңдеу зауытына қарап отырғанын, елдің батысындағы ұсақ зауыттар ғана бар екенін атап өткен.

Оның сөзінше, Ресейдегі автокөліктердің жасы бойынша Еуропаның деңгейінен 5-6 жылға кейін қалған, ал елдегі машиналардың жартысынан астамы - кем дегенде 10 жыл жүрген көліктер.

Журналдың Ресейдегі үлгілі мұнай өңдеу зауыттары қайсы деген сұрағына Владимир Булатников Пермь, Кстов, Уфа және Ярославльдегі зауыттарды мысал ретінде келтірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG