Accessibility links

Жалал-Абадта депутаттарды босатуды талап етті


"Ата Жұрт" партиясының депутаттарын босатуды талап еткен шеру. Жалал-Абад, 7 қазан 2012 жыл.

"Ата Жұрт" партиясының депутаттарын босатуды талап еткен шеру. Жалал-Абад, 7 қазан 2012 жыл.

Қырғызстанның Жалал-Абад қаласында қамалған депутаттардың босатылуын талап еткен митингі өтіп жатыр. Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарлауынша, митингіге "Бүтін Қырғызстан" партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров, "Ата Жұрт" фракциясының депутаты Ахматбек Келдібеков және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-премьер Камила Талиева келген.

Талиева митингіге шерушілердің талабын тыңдап, үкіметке жеткізу үшін және аштық жариялап жатқандардың жағдайымен танысу үшін келгенін айтты. Адахан Мадумаров қамаудағылардың әрекеті заң бұзушылық деп танылса, онда 7 сәуірден кейін билікке келгендердің де жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін айтты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеруге 3-4 мың аралығында адам жиналған. Полицияның есептеуі бойынша, жиынға 1,5 мың адам қатысып жатыр.

Қазан айының басында «Ата-Жұрт» партиясының парламенттегі фракциясының мүшелері Қамчыбек Ташиев, Садыр Жапаров және Талант Мамытов екі айға қамалған. Қырғызстанның құқық органдары бұл үш депутатқа «билікті күшпен басып алуға әрекет жасаған» деген ауыр айып тағып отыр.
XS
SM
MD
LG