Accessibility links

Боженконы Қазақстан мен Еуропада еске алды


Жаңаөзен оқиғасы бойынша куәгер болған Александр Боженконы еске алу шарасы. Орал, 18 қазан, 2012 жыл

Жаңаөзен оқиғасы бойынша куәгер болған Александр Боженконы еске алу шарасы. Орал, 18 қазан, 2012 жыл

Қазанның 18-і күні Алматы, Орал, Варшава және Берлин қалаларында Жаңаөзен оқиғасы бойынша куәгер болған Александр Боженконы еске алу шаралары болып өтті.

Қоғам белсендісі Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, Алматыда 28 панфиловшылар паркінде өткен үнсіздік акциясына шамамен 30 шақты адам жиналған. Акцияға қатысушылар шырақ жағып, "Жаңаөзен оқиғасы бойынша куәлік қылып, шындықты айтқан Боженконың мінезін үлгі қылып, еске алысқан".

- Акцияда адамдар неғұрлым шындықты көбірек айтқан сайын жалған демократияның бет пердесі соғұрлым ашыла түсетіні, қоғамда әділетсіздік азаятыны туралы айтты, - дейді Ғалым Агелеуов Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, шамамен бір сағатқа созылған шараны ҰҚК мен полиция бақылап тұрған.

Facebook-тағы белсенді қолданушылар таратқан ақпараттарға сәйкес, Оралда да жергілікті алаңға Боженконың суретімен келген қарапайым тұрғындар шырақ жағып, үнсіздік акциясын өткізген.

Берлин мен Варшава қалаларында да осыған ұқсас акциялар ұйымдастырылған.
Берлиндегі БҰҰ ғимараты түбінде өткен шараға қатысқан белсенді Раушан Толғанбаева «Қазақ үкіметі жемқорлыққа батқан, құқық бұзуды тоқтатыңдар, саяси тұтқындарды босатыңдар» деген плакат ұстап шыққан.

20 жастағы Александр Боженко Жаңаөзен оқиғасы бойынша өткен сотта бүркеншік атпен жауап беріп, кейіннен жауабынан бас тартып, өзіне қысым жасалғанын мәлімдеген еді. Қазанның 11-і күні ол ауыр соққыдан ауруханада есін жимаған күйі қайтыс болды.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті осы аптада оның өлімі бұзақылықпен байланысты екенін хабарлап, "мәселені саясиландырмауды" сұраған еді.
XS
SM
MD
LG