Accessibility links

«Чиншанло Қытайға кетіп қалды» деген хабар тарады


Қытайлық sohu.com веб сайтына шыққан Зүлфия Чиншанло туралы мақаланың скриншоты. 23 қазан 2012 жыл.
Қытайлық sohu.com веб сайтына шыққан Зүлфия Чиншанло туралы мақаланың скриншоты. 23 қазан 2012 жыл.
2012 жылы қазанның 23-і күні Қытайдағы sohu.com сайты Зүлфия Чиншанлоның 2016 жылы Рио-де-Жанейро (Бразилия) қаласында өтетін олимпиада ойындарына Қытайдың атынан қатысатынын хабарлады.

Чиншанло туралы sohu.com-ға шыққан мақала «Қазақстанға кеткен Қытай қызы қайтып оралды және 2016 жылғы олимпиадаға Қытай атынан қатысады» деп аталады.

Сайт ақпаратында Лондон олимпиадасының алтын медалін алған Зүлфия Чиншанлоның «Хунань провинциясында туғаны» және «шын аты - Чжао Чаньлин екені» жазылған.

- [Спортшы] Қазақстанның төлқұжатын алғанымен, 2012 жылы қазанның 22-сі күні Хунань провинциясы Чанша қаласының полиция басқармасына барып, жеке куәлік жасатты. Ол сол өлкелік спортшылар тізіміне тіркеліп қойды. Қазақстан атынан Олимпиадаға қатысқан 19 жастағы қыз елге оралды, - деп жазды қытайлық sohu.com сайты.
Қытайлық sohu.com веб сайтындағы Чиншанлоның қытайлық жаңа құжатының скриншоты. 23 қазан 2012 жыл.
Қытайлық sohu.com веб сайтындағы Чиншанлоның қытайлық жаңа құжатының скриншоты. 23 қазан 2012 жыл.

Ал Қазақстан ауыр атлетика федерациясы өкілдері бұл ақпаратқа «таңырқап отырғандарын» айтты. Федерацияда қазанның 23-і күні осы ақпаратқа қатысты кеңес өткен.

Федерация басшылары Чиншанлоның қазір Қытайда жүргенін растады. Бірақ айтуларынша, Чиншанло мен Манеза ол жаққа «қыдыруға ғана кеткен».

- Майя Манеза мен Зүлфия Чиншанло Қытайға туысқандарына кеткен еді. Манеза қазір елге қайтып келді. Ал Чиншанло 27 қазан күні оралуы тиіс. Ұшаққа билеті сол күнге белгіленген. Қытайлық басылымдағы ақпарат - өтірік, - деді Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов Азаттық тілшісіне.

Алайда Чиншанлоның Қытайға қайтып оралғаны туралы ақпарат қазанның 23-і күні Қытайдың Хinhua ("Синьхуа") агенттігінде де пайда болды. Агенттік Зүлфия Чиншанлоның Қытай азаматтығын алғаны туралы жазған.

Хinhua "Қазақстан чемпионға олимпиада кезінде уәде еткен сыйақысын да бермеген" деп жазады. Агенттік Чиншанлоның өзімен тілдесіп, оның Қытай атынан чемпион болғысы келетінін де хабарлаған.

Ал Чиншанло жайлы ағылшынша Уикипедиядағы ақпараттар да өзгерді. Мұнда чемпионның «2012 жылы қазан айында Қытай азаматтығын алғаны» жазылған.
XS
SM
MD
LG