Accessibility links

Байқоңырда қаза тапқан мамандарды еске алды


Байқоңыр ғарыш айлағында ұшыруға дайындалып қойған "Прогресс М-12М" зымыран тасығышы. Байқоңыр, 24 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Байқоңыр ғарыш айлағында ұшыруға дайындалып қойған "Прогресс М-12М" зымыран тасығышы. Байқоңыр, 24 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Байқоңыр ғарыш айлағында сәрсенбі, 24 қазанда 1960 және 1963 жылы дәл осы күндері болған апатта қаза тапқан сынақшыларды еске алды деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

1960 жылы 24 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағының 41-аумағында (ол кезде СССР қорғаныс министрлігінің нөмірі бесінші полигоны болған) зымыран ұшыру тарихындағы ең ірі апат болған. Р-16 зымыраны алғаш рет ұшуға жарты сағат қалғанда екінші басқыштың қозғалтқышы іске қосылып кетіп, одан шыққан газ бірінші басқыштың отын багына тиіп, зымыран жанармайы айналасы жүз метрге дейін жететін жалын болып жанған. Сол уақытта зымыранның маңында ондаған адам тұрған. Өрттен 74 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жараланған.

Бұдан тура үш жыл өткенде,1963 жылы 24 қазанда ғарыш айлағының 70-аумағында Р-9 зымыраны ұшуға орнатылатын шахтада өрт болып, сегіз сынаушы қаза болған. Осы екі апаттан соң 24 қазан Байқоңырда апатта қаза тапқандарды еске алу күні деп белгіленді.

Бүгін күндіз қаза тапқан сынаушылар жерленген зиратта қаралы жиын болды. Жүздеген адам зират басына гүл шоқтарын қойып, сынақшылар қаза тапқан жерлерге, Байқоңыр мұражайына барды.

24 қазанда ғарыш айлағында барлық жұмыс тоқтап, зымыран ұшырылмайды.
XS
SM
MD
LG