Accessibility links

Қазақстандық БТА банкінен 5 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген Татьяна Параскевич Чехияда ұсталды.

«Чехияда ресейлік және украиналық полиция іздестірген әйел ұсталды...Жақын арада тергеу әрекеттерін жүргізу мақсатында тергеушілер сол елге бармақшы» деп жазды 29 қазан күні Ресейдің ішкі істер министрлігіне қарасты тергеу департаментінің сайты.

Сайттағы ақпарат бойынша, күдікті қуғындағы бизнесмен, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов басқарған "қылмыстық топтың құрамында болған". Параскевич қылмыстық топ үшін ақша жымқыру схемасын жасау және қаржыландыру ісіне жауапты болған деп сипатталады.

«...Әблязов пен оның серіктестерінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Параскевич ұзақ уақыт бойы Еуропа Одағы аумағында: Латвия, Кипр, Польша, Чехияда құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген» деп жазылған сайтта.

Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Параскевичтің Мәскеу және Алтай аумағында тұрған үйлеріне тінту жүргізіліп, тергеушілер «көптеген коммерциялық ұйымдар мен салық органдарының жалған мөрлерін тапқан».

Бұған дейін Мәскеудегі Дорогомиловский соты БТА банкінен 730 миллион доллар қаржы жымқырды деп айыпталған «Еуразия Логистик» компаниясының төрт жоғары лауазымды қызметкерін сегіз-тоғыз жыл мерзімге соттаған еді.
XS
SM
MD
LG