Accessibility links

Депрессия көп, бірақ жұрт психиатрға баруға ұялады


Дәрігер қабылдауында. Көрнекі сурет.
Дәрігер қабылдауында. Көрнекі сурет.
Қазақстанда психиатриялық көмекті қажет ететін адамдар саны күмәнді. "Көптеген адам психиатрға баруға ұялады" дейді дәрігерлер.

Дәрігерлердің айтуынша, "психиатриялық көмекке зәру жандардың саны ресми ақпарда көрсетіліп жүрген бірнеше мың адамнан әлдеқайда көп".

АУРУ АЯҚ АСТЫНАН

1940 жылы Қостанай облысында туған Гүлнәр Қаленова Алматы қаласында тұрады. Мектеп, колледж, институттарда ағылшын тілінің оқытушысы болып жұмыс істеген. Кезінде Еуропаның көп елін аралап, салауатты өмір салтын ұстанып, ширақ қимылдап, тауға жиі шығатын жандардың бірі болған. Ахматова, Шекспир, Цветаеваның поэзиясын жатқа оқитын. Екі қызы бар.

Гүлнәрдің Альцгеймер дертіне шалдыққанына бес жыл болыпты. Науқас анасына екінші қызы Жанна күтім жасайды.

– Соңғы екі жылда мамамның ауруы асқынып кетті. Есте сақтау қабілеті күрт төмендеді. Бағыт-бағдарын айыра алмайтын күйге түсті. Сыртқа шықса баратын жағынан жаңылып, адасып кететін болды. Үйде майды шкафқа, қантты тоңазытқышқа салып қояды. Үйдегі заттарды терезеден лақтырып жібереді. Мені немересімен шатастырады. Әжетханаға да өздігінен барып келе алмайды, - дейді Жанна.

Науқас Гүлнәр Қаленова. Aлматы, 16 қазан 2012.
Науқас Гүлнәр Қаленова. Aлматы, 16 қазан 2012.
Анасының күтімін мойнына алған Жанна жұмысқа шыға алмай отыр. Науқас анасының зейнетақысымен күн көреді. Зейнетақының мөлшері – 38 мың теңге (250 долларға жуық). Дәрінің өзіне 20 мың теңге (шамамен 130 доллар) кетеді. «Анам ішетін негізгі екі препарат тегін берілетін дәрілердің тізіміне кірмейді» дейді Жанна.

– Қызымның балабақшасының ақшасын да төлей алмаймын. Анама қарайтын ешкім жоқ. Күтуші жалдауға шама жоқ. Күтуші жалдасаң, 40-50 мың теңге төлеуің керек. Жұмысқа да шыға алмаймын. Осылай жіпсіз байлаулы отырғаныма үш жыл болды, – дейді Жанна.

Жаннаның анасы Гүлнәр Қаленова Алматы қаласындағы республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығында 20 күн емделген.

ЕМ ҚАБЫЛДАУ

Алматы қаласындағы Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының психосоматика және әр түрлі жастағы психикалық ауытқулар бөлімінің меңгерушісі Жібек Жүнісованың сөзіне қарағанда, «Гүлнәр Қаленованың дерті асқынып кеткен».

– Науқас сағаттың суретін салудың орнына күнді бейнелейді, бәрін шатастырады. Осында жатқан кезде Қаленованы қызметкерлер ертіп жүрді, тамаққа мүлде тәбеті жоқ, – дейді ол.

Дәрігердің пікірінше, Гүлнәр Қаленованың көп дегенде бір-бір жарым жыл өмірі қалған, ауруы асқынып барады.

– Мидың жасушалары біртіндеп өле бастайды. Аспандағы жұлдыз сияқты алдымен біреуі, сосын қалғандары баяу семе береді. Оның миын да сол жұлдыздармен салыстыруға болады. Бір-бір жасушадан семіп отырады. Ауруханада 20 күн жатып, ем қабылдады. Жағдайы біраз тәуір болып қалды. Сондықтан психиатр маманның көмегіне уақыт оздырмай жүгінген жөн, – дейді Жібек Жүнісова.

НАУҚАСТАР КӨП

Дәрігер Жібек Жүнісованың айтуынша, «Көп адам психиатрға емес, невропатологқа барғанды жөн көреді. Оның жазып берген дәрісін ішіп алып, жүре береді, ал бұл ауру тез асқынады. Альцгеймер дертіне шалдыққандар саны көбейіп барады. Жастардың арасында да осындай науқастар бар. Ақыл-ойы кеміс жастардың барын әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр».

– Альцгеймер ауруына шалдыққан науқастарды невропатолог мамандар да, терапевтер де емдегісі келмейді. Өйткені дәрмені жетпейді. Олар емдеу тәсілдерін біз сияқты жан-жақты біле бермейді. Біздің тапсырысымыз бойынша Қазақстанға екі түрлі дәрі әкелінді. Оларды науқас адам үзбей қабылдап отырса, аурудың беталысы біраз бәсеңдейді. Әрине, науқасты жүз пайыз емдеп шығара алмаймыз. Өйткені медицина бұл дертті емдеудің амалын әлі тапқан жоқ, - деді Жібек Жүнісова.

Психосоматика және әр түрлі жастағы психикалық ауытқулар бөлімшесі меңгерушісінің айтуынша, оның қабылдауында болатын науқастардың ішінде профессорлар, ғалымдар, оқытушылар, тіпті дәрігерлер де бар көрінеді. Дәрігер ми өзінің жүйке жасушаларынан айырыла бастағанда осы ауру қозатынын айтты. Бұл дертке шалдығу факторлары көп – қан тамырлары қызметінің бұзылуы, мойын остехондрозы, т.б.

– Көзі ашық, ақыл-ойы жоғары жандар біздің қабылдауымызға өз еркімен қуана-қуана келеді. Ал сауатсыз жандар бақсы-балгерлерге барып, уақытын жоғалтады
Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының бөлім меңгерушісі Жібек Жүнісова. Алматы, 16 қазан 2012.
Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының бөлім меңгерушісі Жібек Жүнісова. Алматы, 16 қазан 2012.
да, бізге ауру әбден асқынып кеткен кезде келеді. Сондықтан әр адам денсаулығына мұқият болып, өзін күтуі қажет, – дейді Жібек Жүнісова.

Дәрігердің айтуынша, қазір «шектес психиатрия» аса өзекті мәселе болып тұр. Психиатрияның бұл саласы стрестен кейінгі жағдайды емдейді. Ол «шектес психиатрия» деп неврологиялық деңгейдегі жеңіл диагноздарды атады.

Жібек Жүнісованың сөзіне қарағанда, соңғы жылдары психосоматикалық медицинаға ерекше көңіл бөліне бастауы Қазақстанда жасырын депрессия барын көрсетеді.

– Осыдан екі жыл бұрын орталықта психосоматика және әр түрлі жастағы психикалық ауытқулар бөлімі ашылды. Науқастар жылдан жылға көбейіп келеді. Мұндай науқастарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау қарастырылмаған. Олар дәріні өмір бойы ішуі тиіс. Бірақ дәрі тегін емес. Сондықтан дәрі мемлекет есебінен тегін берілсе жөн болар еді. Өйткені олардың бағасы қымбат - 7 мың теңгеден басталады. Біздің стационарда емделген науқастар үйге шыққасын ол дәрілерді қабылдамайды. Сондықтан екі-үш апта өткесін ауру қайта қозып, асқына түседі. Фармацевтикалық компаниялар келесі жылдан бастап бұл дәрілер тегін беріледі деп уәде етіп отыр, – дейді Жібек Жүнісова.

КҮМӘНДІ САН

Алматы қаласындағы психикалық денсаулық орталығының бас психиатры Қайныш Сағымбаева қалада психикасы бұзылған 2 мыңға жуық ауру адам тіркеуде екенін айтты.

– Психикасы бұзылған науқастардың саны екі пайыз шамасында өскен. Бір жылы көбейсе, бір жылы азаяды. Бірақ мұндай науқастардың саны азайған екен деп ойламаңыз. Себебі адамдар невропатологтарға, психиканы түзету орталықтарына барады. Бұл – жақсы нышан, өйткені адамды психиатрдың көмегіне мұқтаж күйге жеткізбеген жөн, – дейді Қайныш Сағымбаева.

Психикалық денсаулық орталығының бас психиатры Қайныш Сағымбаева. Алматы, 16 қазан 2012.
Психикалық денсаулық орталығының бас психиатры Қайныш Сағымбаева. Алматы, 16 қазан 2012.
Бас психиатрдың айтуынша, науқастар биыл шілде айынан бастап бірыңғай электронды базада тіркелетін болыпты. Яғни науқас Қостанай қаласына барса, ол жақтан тегін психотроптық дәрі-дәрмек ала алады.

Қайныш Сағымбаева шизофрениямен ауыратын жандар мен тырысқақ дертіне шалдыққандарға дәрі тегін берілетінін айтты. Психиатр «Альцгеймер дерті – Қазақстанда сирек кездесетін ауру» дейді.

Дәрігер «мұның себебі бұл адамдардың ақыл-есі кем топқа жатуында болса керек» деп пайымдайды. Адамдар ауру енді басталған сәтті жіберіп алады да, психиатрға ауру асқынып кеткенде, өте кеш келеді.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG