Accessibility links

Украина: билік партиясы 30 пайыз дауыс алған


"Удар" партиясының жетекшісі, кәсіпқой боксшы Виталий Кличко.
"Удар" партиясының жетекшісі, кәсіпқой боксшы Виталий Кличко.
Украинада өткен парламент сайлауының бюллетеньдерінің 99,8 пайызы саналғаннан кейін биліктегі "Аймақтар партиясына" қолдау білдірген сайлаушылар дауысының үлесі 30 пайызға түсті.

Украинаның біріккен оппозициясының "Батькивщина" партиясы - 25,5 пайыздан астам дауыспен екінші орында тұр. Танымал боксшы Виталий Кличконың "Удар" партиясы - 14 пайызға жуық, Коммунистік партия - 13 пайыздан сәл астам дауыс жинаған. Ал "Свобода" радикалды ұлтшыл партиясы 10,5 пайыздай дауыс алған.

"Удар" партиясы сайлау процесіне киліккен күштік құрылымдардың өкілдерін отставкаға жіберуді талап етті. Осы партиядан парламент сайлауына кандидат болып түскен Ирина Геращенко Черкасск, Киев, Николаевск облыстары мен Киев қаласында сайлау округтерінде сайлау ісіне биліктің өрескел араласқаны туралы деректер келтірген.

Бұған дейін Украинада 28 қазанда өткен парламент сайлауын Украинадағы ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясының басшысы Вальбурга Габсбург Дуглас сынаған еді. ЕҚЫҰ бақылаушылары украин оппозициясының жетекшілері - Юлия Тимошенко мен Юрий Луценконың түрмеге жабылып, сайлауға қатыса алмағанына өкініш білдірді.

АҚШ Украинада өткен парламент сайлауын "елдің демократияға барар жолдағы кері шегінуі" деп бағалады.

Ал ТМД-дан барған бақылаушылар керісінше Украинадағы сайлауға "еркін және демократиялық түрде өтті" деген баға берді.
XS
SM
MD
LG