Accessibility links

Қызылағаштың экс-әкімі: "Ақталуым керек"


Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов. Алматы, 12 қараша 2012 жыл.
Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов. Алматы, 12 қараша 2012 жыл.
Рақымшылыққа ілініп босап шыққанын айтқан Есет Жүнісов 2010 жылғы трагедиялық апаттың себептерін басқа факторлардан көреді. "Апат боларын білген күннің өзінде үш мың адамды жалғыз көшіре алмаған болар ем" дейді.

Қызылағаш оқиғасына қатысты сотталып, 2012 жылы ақпан айында рақымшылыққа ілініп, босап шыққан ауылдың бұрынғы әкімі Есет Жүнісов Азаттыққа келіп сұхбат берді. Ол өзінің "45 адамның өліміне жазықты емес екенін" дәлелдегісі келеді.

ТОПЫРАҚТАН САЛЫНҒАН СУ ҚОЙМАСЫ

Есет Жүнісов сұхбатын «Қызылағаш оқиғасына қатысты шын-өтірігі аралас әңгіме көп айтылды» деп бастады. Ол «Ақпарат құралдары негізсіз қаралауын доғармаған соң, Азаттыққа арнайы келгенін» айтты.

- Мен 1964 жылы Қызылағашта тудым. Ауылда мұғалім, кейін ауыл мектебінің директоры болдым. 2007 жылы әкім болып тағайындалдым, - деп бастады ол сөзін.

- Есет мырза, ауылдағы су қоймасы жайлы айтсаңыз?

- Су қоймасының құрылысы 1986 жылы басталды. Оны сол кездегі «Талдықорған Совхозстрой» деген мекеме салды. Құрылыс 1993 жылы аяқталды, бірақ қойма 1995 жылға дейін иесіз тұрды. 1997 жылға дейін ресми құжатсыз бір ұжымнан бір ұжымға беріліп отырды. Кейін ол «Талдықорған ВодХозСтрой» қарамағына өтті. Ал 1997 жылы Алматы облысы мен Талдықорған облысы бірікті де, су қоймасы су шаруашылығына өтті.
«Қызылағаш» су қоймасы тұрған орын. Алматы облысы, 23 сәуір 2011 жыл.
«Қызылағаш» су қоймасы тұрған орын. Алматы облысы, 23 сәуір 2011 жыл.

Осы уақытта ауылымызға Қуаныш Бекеев деген шаруа қожалығының иесі келіп, Қызылағаштың жанындағы 1420 гектар жерді 50 жылға жалға алды. «Жерді игеремін, жалғыз үлгере алмай жатсам, ауыл адамдарына жалға беремін» деді. Ол алдымен жерге қажетті суғармалы жүйе жасатты. Су қоймасы осы жермен тікелей байланыста болғандықтан, сөз кездегі Ақсу ауданы әкімінің шешімімен су қоймасы Бекеевке берілді. Ол жылда су жинап, елге таратты.

- «Таратты» ма әлде «сатты» ма?

- Заң бойынша су сатылмайды. Тұрғындар су үшін емес оны жинап, жеткізіп берген қызметі үшін ақы төлеп келді. Ол сондай көлемді ақша емес - бір кубына 17 тиын. Оның 60 проценті мемлекеттік субсидиямен қайтарылады. Сонда қалатыны кубына 8-9 тиын. Шынын айту керек, суғармалы су жүйесінің құрылысы жүрген 1997-2000 жыл аралығында суғармалы жердің көлемі көбейді. Аудандағы барлық қызылшаның 50 пайызын Қызылағаш шығарып отырды. Осы кездері халық арасында «плотина жарылады екен» деген әңгіме шыға бастады.

- Оған қандай себеп болды?

- Біріншіден, плотина сынақтан өтпеген және оны мемлекеттік комиссия қабылдап алмаған. Оның құрылысына жұмсалуы керек болған цемент сатылып кеткен. Кейін плотина құлағанда ортасында тұратын негізгі темір-бетонды құрылым жоқ болып шықты. Цементтің қайда кеткені белгісіз, бұл жерде қатысы барлар өте көп, ол адамдардың бірі бар да, бірі жоқ. Одан бері 30 жылдай уақыт өтті.

АПАТ СЕБЕПТЕРІ

- Яғни 2010 жылы наурыздың 12-сіне қараған түні су қоймасының жарылуына оның топырақтан салынғаны себеп болды ма?

- Ол ғана емес. 1986 жылы су қоймасының жобасын қараған Мәскеу, жобаға қол қойғанымен, қосымша мамандардың пікірі жазылған. Онда қазіргі су қоймасы тұрған жердегі «тастың жарықшағы көп, оның арасынан су өтіп кетеді, сондықтан дамбаны дәл бұл жерге салуға болмайды, оны өзге жерге жылжытып салыңыздар» деп көрсетілген. Алайда дамба сол жерге заңсыз салынды. Ал 2004 жылы аудандық комиссия мұны мемлекеттік комиссияның шешімі деп есептей салды.

- Осының барлығын ауыл әкімі ретінде біліп тұрып, апаттың алдын алмағаныңыз қалай?

- Апатқа келсек, дәл сол 11-і күні (наурыз) таңертең бірнеше маманмен қоймаға бардық. Мамандар «32-36 миллион куб су бар» деді. Қойманың су көлемі 42 миллион екен. Сондықтан су көлеміне аса көңіл бөлген жоқпыз. Қоймада артық судың өзінен-өзі төгіліп кететін қосымша жол бар. Ол арқылы секундына 260 куб метр су ағып кетеді. Бұдан бөлек, төменгі жағында үш «бұлақ» бар. Одан секундына 203 куб метр су аға алады. Наурыздың 6-сынан бастап жұмысшылар суды қадағалап, оны ағызып отырды.
Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің офицері су апатынан зардап шеккен үйдің табалдырығында отыр. Қызылағаш, 15 наурыз 2010 жыл.
Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің офицері су апатынан зардап шеккен үйдің табалдырығында отыр. Қызылағаш, 15 наурыз 2010 жыл.

Тергеу барысында анықталғандай, 11-і күні кешкі сағат 18.39-да облыстық «Казселезащита» төтенше жағдай департаментіне хабар берген. Онда «Алатаудан сел кетті. Бәленбай жылдамдықпен бара жатыр, Қызылағаш су қоймасының жарылу қаупі бар» делінген. ДЧС-тағылар (төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері - ред.) бұған немқұрайды қараған. Қызылағаштың жанында Көлтабан деген ауыл бар. Көлтабанның адамдары өздеріндегі Ақешкі деген қоймадан су кете бастағанда үйлерінен қашып шығып кеткен. Сөйтіп екі ауыл мен плотинаны шатастырып ДЧС-тағылар «внизу расположен поселок Кызылагаш, с населением 200 человек, он полностью эвакуирован» деп жауап береді.

Сөйтіп облыстық «Казселезащита» келген телефонограммаға қарайды да, бейқам отыра береді. Шындап келгенде «Казселезащита» біздегі плотинаны білмейді, ол түгіл оны облыс әкімінің бірінші орынбасары да білмейтін болып шықты. Қойма түнгі 1-ден аса жарылды, егер бізге уақытында хабар жеткенде, бес-алты сағатта тұрғындардың барлығын алып кетуге мүмкіндігіміз болар еді.

«МЕН ҚАШҚАН ЖОҚПЫН»

- Сол күні ауыл тұрғындардың кейбірі апаттың боларын білген ауыл әкімі «ешкімге ескертпестен, өз отбасын жинап, кетіп қалды» деп айтып жатты...

- Мен наурыздың 6-сы күні қоймаға барғанда онда 22 миллион куб су болды. Ал 11-і күні кешкі сағат жетіге таман қоймадан «Біз мына суды ағызып үлгере алмай жатырмыз, көмек керек» деп телефон шалды. Су ағызып көмектесе алатын 15-тей адам жинап алып тауға кеттім. Қоймаға жетпей қызметкерлер «дамбы тесіліп кетті» деп алдымыздан жүгіріп шықты. Мен алғашқы қоңырауды түнгі 22.15-те ауылдағы штабқа жасадым. «Мынау тесілді, елді шығарыңдар» дедім, екінші әпкеме телефон шалдым, үшінші қоңырау – аудан әкімінің орынбасарына жасалды. Қойма үстіне көтеріліп едім, бір бұрышында «воронка» пайда болыпты. Түнгі 12-ден 20 минут кеткенде бір үйдің орнындай, яғни 10 метрдей жер опырылып түсті. Төмен жақ опырылды да жоғары жағы орнын жауып қалды. Су тоқтап қалды. Біз қойманың үстінен түскеннен кейін дамба жарылып кетті. Бұл сағат түнгі 1-ге 4 минут қалғанда болды. Мен тауда тұрдым. Ешқайда қашқан жоқпын. Ал туыстарымды «жинап алдым» дегенге келсек, ауылда менің барлық бауырларым тұрады. Ал сол күні кешке қызымның ұзатылуына орай, үлкен әпкемнің үйінде «ақыл шай» өтіп жатты. Мен әпкеме таудан телефон шалғанда ол барлық туыстарыма хабарлап, аман қалды.

- Таудан түскенде ауылдағы жағдай қандай екен?

- Ауылда су жоқ, лай болып жатыр екен. Су 20 минуттың көлемінде ағып өтті. Алдымнан інім Мұхит шықты, ол жанында 100 шақты адаммен таудың басында болыпты. Олар «Жаңа ғана Машаева Аиданы тауып алдық, үстінде тек іш-киімі ғана, үстімдегі тоныма орап, төтенше жағдай қызметкерлерінің машинасына алып бардық» деді. Машаевтар - сол апат кезінде алты адамынан айырылған отбасы. 15-16 жастағы Аида сөйтіп аман қалды. Біз тұрған жерден анадайдан біреулердің ыңырсыған дауысын естіп барсақ, біреуі - 40-тан, екіншісі 60-тан асқан қызы мен анасы жатыр екен. Екеуі де лайға көміліп қалған. Келіншекті көтеріп алып, үйге кіргізіп, бірден көрпелерге орап тастадық, ал анасын төрт жігіт көтере алмадық. Бірақ сол жерге көрпе алып барып, орап қойдық. Жалпы сол кезде көз жұмғандардың көбі суықтан қайтты. Кейін естігенім - қарт кісі де жедел жәрдем көлігінде көз жұмыпты. Сөйтіп таң атты, мен ертесінде кім бар, кім жоқ екенін анықтау үшін ауыл тұрғындарының тізімін жазуға кірістім. Сол кезде мені полиция алып кетті.

«ЖАЗЫҚСЫЗ ЕКЕНІМДІ ДӘЛЕЛДЕМЕКПІН»

- Қайғылы оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс, оның шешімі жайлы не айтар едіңіз?
Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов. Алматы, 12 қараша 2012 жыл.
Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов. Алматы, 12 қараша 2012 жыл.

- Мен өзімді айыптымын деп ойламаймын. Қолымнан келгенше апаттың алдын алуға тырыстым. Туған ауылымның 45 адамы көз жұмғаны - мен үшін қасірет. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Дегенмен мен қойманың жарылатынын, Алатауда сел жүргенін білген жоқпын. Білген күннің өзінде үш мыңға жуық адамды мен эвакуация жасай алмаймын. Бұл - аудан мен облыстың деңгейінде орындалуы тиіс шара еді. Ал халыққа хабарлап, ескерту айту - ішкі істер бөлімінің жұмысы. Ауыл әкімі сол кісілерге жағдай жасап, көмек көрсетуі керек. Айналдырып келіп, мен хабарлауым керек, мен эвакуация жасау керек екенмін. Ал құзырлы органдар немен айналысуы керек сонда? Мен қазір ешкімді айыптағым келмейді. Мен өзім тарих үшін ақталуым керек. Себебі Қызылағаш қасіреті әлі сан айтылады.

- Сіз Өскемендегі қоныстану колониясында болдыңыз ғой...

- Иә сол жақта құқыққорғаушы Евгений Жовтис, сіздердің әріптестеріңіз Тоқнияз Күшіковтермен бірге отырдық. Бір жылдай уақыт болдым. Жазықсыз отырғаным жаныма батты. Бұдан бөлек, Қызылағаш жастарының оқу ақысын мемлекет төлеп берді ғой. Сонда менің ортаншы қызымның оқуы төленбеді. Нақты білмеймін, бірақ ректор, я проректор «сен халық жауының қызысың» деп айтқан екен. Менің жаныма сол батты. Кейін облыс әкімінің орынбасары ректорға хабарласып жатып, ақшасын төлеп беріпті.

- Сізді қызылағаштықтар қалай қарсы алды?

- Әркім - әрқалай. Көпшілігі үйге келіп, «аман-есен келгеніңмен» деп жатты. Көшеге шықсам амандасып жатты. Сотта тіпті бет жыртысқан адамдар да келіп жатты. Үйінен адамы шыққан адамдар маған келді деп айтпаймын. Мен біразына бардым. Көңіл айттым, құран оқып шықтым.

- Машаевтарға бардыңыз ба?

- Жоқ, барған жоқпын, оған себеп – мені қалай қабылдайтынын білмеймін. Алдын ала олармен сөйлесіп қайтатын адам таба алмадым. Бірден өзім баруға бата алмай жүрмін. Маған тіке келіп «сен кінәлісің» деп айтқандар жоқ. Бірақ ішінде реніштері бар екенін де сеземін. Туғанынан айырылған оңай емес.

- Қазір немен айналысып жүрсіз?

- Үйдемін, ауылдағы мектепке жұмысқа кірейін десем, орын жоқ. Бірақ Қызылағаштан басқа жерге жұмыс шығып тұр. Алайда мен ауылдан ешқайда кеткім келмейді. Әйелім, қолымдағы кенже ұлыммен бірге мал шаруашылығын қолға алсам ба деп ойлап жүрмін.

- Әңгімеңізге рақмет.

Редакциядан: Алматы облысындағы үш жарым мыңға жуық тұрғыны бар Қызылағаш ауылында 2010 жылғы наурыздың 12-сіне қараған түні су қоймасы жарылып, ресми ақпарат бойынша апаттан 45 адам қаза болған. 146 үйді су ағызып әкеткені, 251 үй қирағаны, 42 үй жөндеу қажет ететіндей зардап шеккені хабарланған.

Ресми мәліметтерге сәйкес, туыстарынан айырылған отбасылардың қаза болған адамдарына жергілікті қазынадан 500 мың теңгеден жәрдемақы берілген. Ауылдың орнына жаңадан 400-ден аса үй салынып, олар 2010 жылдың қыркүйек айында дайын болған.

Қызылағаш оқиғасы бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған Талдықорған гарнизонының әскери соты 2011 жылы ақпан айында су бөгетінің иесі, «Қызылағаш» су қоймасы кооперативінің төрағасы Қуаныш Бекеевті, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Есет Жүнісов пен оның інісі – «Қызылағаш» су қоймасы кооперативінің директоры Мұхит Жүнісовті кінәлі деп тауып, әрқайсысын бес жылдан бас бостандығынан айырған еді.

Сұхбатты автордың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
XS
SM
MD
LG