Accessibility links

20 қараша мен 20 қаңтар аралығында «Бүгінгі жастың бейнесі» фото-байқауы өтеді.

Азаттық радиосы оқырмандарын 20 қараша мен 20 қаңтар аралығында өтетін «Бүгінгі жастың бейнесі»/«Будни современной молодежи» атты фото-байқауға қатысуға шақырады. Байқаудың шарты (суреттің форматы, жанры, жолдау тәсілі жене бағалануы) жайлы осы мақаладан толық оқи аласыз.

Форматы: Фотоаппарат пен мобильдік телефонмен тақырыпқа сәйкес анық түсірілген кез-келген көлемдегі сурет қабылдана береді.

Жанры: «Бүгінгі жастың бейнесі» байқауына ұсынылатын дүниелер тек портреттік фотолар болуы шарт емес. Символдық мәні бар, түрлі шығармашылық тәсілдер мен тапқырлықтан туған, жастардың әлеуметтік, я табиғи ортасын бейнелейтін суреттер түссе – құба-құп.

Сипаттамасы: Фотолардың қысқаша атауы мен сипаттамасы жазылуы керек. Түсірілген мерзімін жазу міндетті емес. Суретке қатысты туындауы мүмкін авторлық және өзге де барлық құқықтарды қорғауға қатысты жауапкершілік фотографқа жүктеледі. Автордың аты анық көрсетілуі тиіс. Бір автордан түскен бес сурет қана қарастырылады. Бұрын жарияланбаған, анық өзі түсірген фото болуы шарт.

Жіберу тәсілі: Байқауға арналған фотосуреттеріңізді Азаттық вебсайтындағы «Хабар – сізден» айдарындағы арнайы «Файлды жүктеңіз» түймесі арқылы жібере аласыз. Бұған балама жол ретінде суретті смартфонға түсірген болсаңыз, Азаттық вебсайтының iPhone немесе Android нұсқалы қосымшасын ұялы телефоныңызға жүктеп алып, сол арқылы да жолдауға болады.

Бағалануы: Барлық жүктелген фотосуреттер бірден Азаттық сайтының «Хабар – сізден» айдары мен Facebook-парақшасына жарияланып отырады. Үздік үш суретті Азаттық арнайы шақырған әділ қазылар алқасы анықтайды. Facebook қолданушылары Like түймесін басу арқылы ең көп дауыс берген фотоға арнайы сыйлық тағайындалады. Жеңімпаздар 2013 жылғы қаңтардың 21-і күні Азаттық сайтында екі тілде жарияланады.

Жүлделері: Бірінші жүлдеге лайық деп танылған фотосурет иесі iPhone ұялы телефонына ие болады. Екінші орын алған қатысушы Canon фотоаппаратын иеленеді. Үшінші жүлдегерге электрондық кітап оқығыш табыс етіледі. Facebook қолданушылары ең көп дауыс берген, алдыңғы үш жүлдеге ілінбей қалған фото иесіне Nikon фотоаппараты табыс етіледі.

Сауалдарыңыз болса, azattyq@rferl.org адресіне хабарласыңыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG