Accessibility links

Иранның рухани көсемінің «жұпыны тіршілігі»


Иранның рухани жетекшісі аятолла Хаменеи. Тегеран, 31 қазан 2012 жыл
Иранның рухани жетекшісі аятолла Хаменеи. Тегеран, 31 қазан 2012 жыл
Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиді «жақсы білем» деушілер оның өте жұпыны тіршілік кешетінін айтады. Кейбір сарапшылар «аятолланың қарапайымдылығы әсіреленіп көрсетілген» деп санайды.

Өзін аятолла Әли Хаменеидің бұрынғы достарының қатарына жатқызған Аятолла Разули Махалати жартылай мемлекеттік Fars агенттігіне берген сұхбатында аятолла Хаменеидің көп жағдайда қалтасында ақшасы болмай қалып жеке сақшыларынан қарыз алатынын айтқан.

«Кейде оған ақша апарып берген кезде (оны діни садақа ретінде қабылдайды) қайта хабарласып: «Реза мырза, берген қарыз ақшаңызды келіп алып кетіңіз» дейді» деген аятолла Разули Махалати.

Махалатидың айтуынша, рухани көсем осы сияқты садақалардан бөлек Тегерандағы жеке меншік үйін жалға беріп, сол арқылы күнін көреді.

"ҮЙІНДЕ ЖАЛҒЫЗ-АҚ КІЛЕМ БАР"

Оның айтуынша, кілем жинау дәстүріне берік Иранда тұратын Хаменеидің үйінде жалғыз-ақ кілем бар.

«Оның үйіне барып тұрамын. Үйінде сыры көшкен жалғыз тәбриздік кілем ғана бар» дейді Махалати.

Ол дәл осындай жағдайда өмір сүретін Хаменеидің дін ұстанатын студент ұлдарына жаны ашып қарайтынын жеткізген.
Аятолла Хаменеи Сарапшылар кеңесінің басшысы Мохаммад Реза Махдави Канимен әңгімелесіп отыр. Тегеран, тамыз, 2012 жыл
Аятолла Хаменеи Сарапшылар кеңесінің басшысы Мохаммад Реза Махдави Канимен әңгімелесіп отыр. Тегеран, тамыз, 2012 жыл

Махалатидың рухани көсемге берген сипаттамасы "жалақыға ғана қарап өмір сүретін, дүние қызықтарын ойламайтын" Иран басшыларының қоғамдық образын қалыптастыруда маңызды рөл ойнайды.

Және бұл Хаменеидің жұпыны өмірі туралы алғашқы ақпарат емес.

Бірнеше көмекшісі соның ішінде, сарапшылар кеңесінің мүшесі Аятолла Әбілхасан Махдави да бар, соңғы жылдары рухани басшының қарапайым өмір сүру салтын мадақтап келеді. Махдави естеліктерінде оның үйінде жалғыз кілемі бар екенін, жиі ақшасыз қалатынын да растаған.

«(Хаменеи) кейде менен қарызға ақша алады. Оның өзіне жетерлік ақшасы бар, бірақ ол оны жеке басы үшін жұмсамайды» деп жазған кітабында Махдави.

"ДИВАН ОҚИҒАСЫ"

Бұған дейін Иранның «Mashregh News» сайты аятолла Рухолла Гараидың «диван туралы» оқиғасын басқан.

«Олардың үйіне біреулер тұтас жиһаз коллекциясын емес, тек жалғыз диван әкелген. Бұл кезде оның әйелі қажылық пен төркініне кеткен екен. Зайыбы қайтып келген кезде үйіндегі диванды көріп, ауладағы шарбақтың алдына апарып тастаған. Хаменеи жұмыстан қайтқан кезде диванның сыртта тұрғанын көреді» деп вебсайт Гараидың сөзінен үзінді келтіреді.
Мұны жылы-жұмсақ мақсатында сатып алсам, артық болар еді, мұны маған дәрігердің өзі тапсырды.


"Әйелі: "Бізді жылы-жұмсақ өмірге жетелегің келе ме?" деген кезде Хаменеи: "Мұны жылы-жұмсақ мақсатында сатып алсам, артық болар еді, мұны маған дәрігердің өзі тапсырды" дейді. Тек осыдан кейін әйелі үйге диван кіргізуге келіскен" деп жазады әлгі сайт.

Осы сияқты шағын әңгімелер ара-тұра Иранның ақпарат құралдары мен блогтарында жарық көріп тұрады. Солардың бірінде ислам революциясы сақшылары корпусының бұрынғы басшысы Яхья Рахим Сафави Хаменеидің үйінде қонақ болған кезде дастарханға «қарапайым омлет» қана қойылғанын таң қала жеткізген.

"ҰЛҒАЙТЫЛҒАН ДЕРЕК"

Хаменеидің биографиясын зерттеп жүрген Таяу Шығыс саясаты бойынша Вашингтон институтының ирандық сарапшысы Мехди Халаджидің айтуынша, рухани көсемнің қарапайым өмірі туралы деректердің көбісі рас, бірақ ұлғайтылған тұстары да бар.

«Оның заттары, киетін шапаны да жақсы матадан, кейде бағалы материалдардан тігіледі. Оларды өзі сатып алмайды - себебі оған сыйлық немесе садақа түрінде беріледі. Оның үйінде болған адамдар жұпыны тіршілік кешетінін, жылы-жұмсақтың ізі де жоқ екенін айтады. Иран заңына сәйкес, рухани басшыға жалақы тағайындалмайды. Президенттің, министрлер мен заң шығарушылардың да жалақысы бар. Бірақ рухани басшы діни төлемақылардан ақша алатындықтан айлығы жоқ. Алайда түскен ақшаның бір бөлігін жұмсай алады. Оны (қарыз алатыны туралы) ұлғайтып көрсетулері нақты емес. Жылы-жұмсақсыз-ақ лайықты өмір сүріп жатыр» деген.

"ҮНЕМДЕП ӨМІР СҮРЕТІН" ИРАН БАСШЫЛАРЫ

Саясаткерлердің көмекшілері мен мемлекеттік ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сүйенсек, көптеген ирандық билік өкілдері де үнемдеп өмір сүреді.
Кедей екені рас болса, біз сияқты ол да санкцияның зардабын тартып, қымбатшылық пен кедейшілікті басынан кешіруі тиіс. Өйткені бұл жағдайға ұшырауымызға оның да кінәсі бар.


"Үнемшіл" басшылар арасында президент Махмуд Ахмединежад және елдегі ең бай адам саналатын бұрынғы президент Әли Акбар Хашеми-Рафсанджани да бар.

Бірақ жемқорлық оқиғаларын күн сайын көретін қарапайым ирандық мұндай үгіт-насихатқа алдана қоймайды.

Хаменеидің өмір сүру образы туралы жақында шыққан сұхбатты оқыған жас жігіт әлеуметтік желіде былай деп жазады: «Егер оның (Хаменеидің - ред.) соншалықты кедей екені рас болса, біз сияқты ол да санкцияның зардабын тартып, бағалардың қымбаттауын мен кедейшілікті басынан кешіруі тиіс. Өйткені бұл жағдайға ұшырауымызға оның да кінәсі бар».
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG