Accessibility links

Дағыстандықтар діни араздықты өршітпеудің жолын іздейді


Рүстем (Әбубәкір) Шапиев.

Рүстем (Әбубәкір) Шапиев.

Ресейдің Дағыстан республикасында суфизм және салафизм діни ағымдары арасындағы араздық ушығып тұр. Осы екі түрлі жолды ұстанған ағайынды екі жігіт бір-біріне төзіммен қарауды үйренген.

Азаттық радиосының Солтүстік Кавказдағы тілшісі Ума Исакова ағайынды екі жігітпен әңгімелесіп қайтты. Олардың біреуі сопылық бағытын ұстанса, екіншісі салафи ағымына ұйыған. Азаттық тілшісі олардың дініндегі айырмашылықтың туыстық қатынасты қалайша қиындатып жібергені жайлы жазады.

«ТОҚТА! ӘҢГІМЕ ОСЫМЕН БІТСІН»

Дағыстандағы «Комсомольский» ауылының тұрғындары, ағайынды Руслан мен Рустам Шапиевтердің арасындағы туысқандық сезімге сызат түскен.

Есімін Әбубәкір деп өзгертіп алған Рустам Азаттық тілшісіне «Есімін Мұхаммед деп өзгерткен ағамды (Русланды айтады - ред) жақсы көремін және оны сыйлаймын» дейді.
Солтүстік Кавказ картасы.

Солтүстік Кавказ картасы.


- Әлбетте, оның жасы үлкен. Біз туыстық байланысты үзбеуге міндеттіміз. Ол үйге кіргенде мен орнымнан тұрамын. Дастарқан басында оған қызмет етемін. Мен оны құрметтеймін, ақылын тыңдаймын. Біз бір-бірімізге жәрдем береміз, - дейді.

Бірақ дінге келгенде әңгіменің ауаны бұзылып кетеді екен.

- Мысалы, ол маған «Пайғамбардың туған күнін тойлауға болмайды» дегенде мен оған «Тоқта! Әңгіме осымен бітсін!» деймін, - дейді Әбубәкір.

28 жастағы Әбубәкір - Дағыстанда ресми рұқсат етілген сопылық бағытты ұстанған мұсылман. Ал 31 жастағы Мұхаммед - 1999 жылы Дағыстанда тыйым салынған салафи жамағатының өкілі. Ағасының төрт баласы да салафи.

«БИЛІК МЕНІ ӨЛТІРМЕК»

Мұхаммед осы мақала үшін фотоға түсуден бас тартты. Оны полиция көшеден ұстап алып, ештеме айтпай-ақ бірнеше рет қамап тастаған екен.
Көпшіліктің алдында шариғатқа негізделген мемлекетте өмір сүргім келетінін айтсам, полиция мені жоқ қылады. Талай достарым хабарсыз кетті.


- Мен бауырларымды өлтірейін деп жүргем жоқ. Керісінше билік органдары мені өлтірмекші. Егер көпшіліктің алдына шығып, өзімнің шариғатқа негізделген мемлекетте өмір сүргім келетінін айтсам, олар мені жоқ қылады. Мені полиция бекетіне талай рет алып барды. Талай достарым хабар-ошарсыз кетті. Бірде таңертең мешітке бара жатқан едім. Полиция көлігі қасыма келіп тоқтады да, ештеме айтпастан көлікке күштеп мінгізді. Полиция бекетінде олар: «Бізден неге қашып жүрсің?» деп сұрады. «Ешқайда қашып бара жатқаным жоқ. Мен мешітке таң намазын оқуға бара жатырмын» дедім. Олар мені қорқытып үркіткісі келді, - дейді ол.

Мұхаммед екі досының жазықсыз сотталып, түрмеде нақақ отырғанын айтты.

- Полиция оларды азаптаған соң, жабылған жаланы мойындарына алуға мәжбүр болған, - дейді ол.

«БІР ЖЫЛДА ҚАЗА ТАПҚАН 800 АДАМ»

Адам құқықтарын қорғайтын тәуелсіз ұйымдардың есебі бойынша, 2012 жылы Дағыстанда жастары 18 бен 40 аралығындағы 800 азамат көтеріліс кезінде, үкіметтің репрессиясынан және дінаралық қақтығыстан қаза тапқан. Олардың 600-ге жуығы - ағайынды Шапиевтер сияқты этникалық аварлар (Солтүстік Кавказдағы түркі тектес этникалық топ - ред).

Қанды қақтығыстар Әбубәкірді де қатты алаңдатады.
Қара жамылған келіншектердің тұтас бір армиясы жиналды десе де болады. Бәрі жап-жас. Енді олардың өмірі не болады? Таяу арада бізде қарияларға қарайтын адам қалмайды.


- Рашид Нургалиев ішкі істер министрі болып тұрғанда (2004 жылдан 2012 жылдың мамыр айына дейін - ред) жергілікті клубқа атыста өлген полицейлердің жесірлерін жинады. Ол жерге қара жамылған келіншектердің тұтас бір армиясы жиналды десе де болады. Олардың бәрі - әлі жап-жас, әдемі келіншектер. Енді олардың өмірі не болады? Бүйте берсе таяу арада бізде қарияларға қарайтын адам қалмайды, - дейді ол.

Әбубәкірдің сөзіне қарағанда, ағасы Мұхаммед салафизмді 2009-2011 жылдар аралағында Ресейдің Великий Новгород қаласында шағын кәсіппен айналысып жүрген кезінде қабылдаған.

- Ағамның салафизмді қабылдауына экстремистік веб-сайттар әсер еткен, - дейді Әбубәкір.

Ал Мұхаммед:

- Салафизм мен ваххабизм - екеуі екі бөлек. Билік органдары ресми БАҚ-ты пайдаланып, салафизмді қатігез, әрі экстремистік ағым ретінде көрсету үшін жалған деректер таратып отыр, - дейді.

«ЖАЗЫЛҒАН ТАҒДЫР ОСЫ МА?»

Ағайынды бауырлар 51 жастағы анасының көңіліне қаяу салмау үшін туысқандық қатынастарын бұзбауға тырысады.

- Мен анаммен діни тақырыпта сөз таластырмауға тырысамын. Мен исламдағы осы екі ағымның ортақ шарттарына көбірек көңіл аударамын, - дейді Мұхаммед.
Дағыстандағы сопылық ағымның жетекшісі Саид-Афанди Артсаев. 15 желтоқсан 2010 жыл.

Дағыстандағы сопылық ағымның жетекшісі Саид-Афанди Артсаев. 15 желтоқсан 2010 жыл.


Ал Әбубәкір:

- Ақыл кеңес сұрай барғанымда, сопылықты ұстанатын үлкендеріміз «ағаңды кері теппе» деп ақыл айтты, - дейді.

Әбубәкір дініне берік, ағасының үй-ішімен араласып тұрады. Бірақ ол діни араздықтан шаршаған.

- Енді біз не істеуіміз керек? Бір-бірімізді өлтіруіміз керек пе? Ағам мен немере інілерімді атып тастауым керек пе? Бізге жазылған тағдыр осы ма? Алла алдында арымды таза ұстауға тырысамын. Басқа мәселенің бәрі - өз алдына бір төбе. Мына жағдай - бір төбе. Маған осының бәрі неге керек? - дейді Әбубәкір.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG