Accessibility links

Forbes журналы Қашаған кенішіндегі инвесторлардың бірі неліктен күтпеген жерден үлесін сатып жатыр деген сұраққа жауап іздейді.

Forbes («Форбс») журналы қарашаның 27-cі күні Қашаған кенішінде мұнай өндіріп жатқан ConocoPhillips фирмасының Қазақстан үкіметімен жұмыс істескісі келмейтіні туралы мақала басты. Әртүрлі кедергіден шаршаған шетел фирмасы консорциумдағы үлесін сатып жатыр.

«500 МИЛЛИОН ДОЛЛАР АРЗАНҒА САТПАҚШЫ»

Басылымның жазуынша, ConocoPhillips компаниясы қарашаның 27-і күні өзінің Қашаған кенішіндегі үлесінің 8,4 пайызы бес миллиард долларға сатылатынын мәлімдеген. Нақтыланбаған ақпараттарға қарағанда, бұл үлесті Үндістанның мемлекеттік ONGC-Videsh компаниясы сатып алмақ.

Forbes Қашағанды «әлемдегі ең мұнайлы кеніштің бірі», ал Қазақстанды «мұнай қоры көп елдің бірі» деп сипаттаған. Солай бола тұрса да, басылым «ConocoPhillips-тің Қашағандағы мұнай үлесін 500 миллион долларға арзан сатып жатқаны қалай?» деп таңданыс білдірген.

ConocoPhilips компаниясы «Сатылатын активтердің көлемі 10 миллиард долларға өcеді және түскен қаржы келешегі бар аймақтарды зерттеуге салынады. Басқа акциялар сатып алынады» деп мәлімдеген. Кейбір сарапшылар компания бұл үлесін 20 миллиард долларға сатпақшы деп болжаған.

Мақала авторы «Егер бұл жоба ConocoPhilips үшін пайдалы болғанда, ол Қашағандағы үлесін сатпас еді» деп санайды. Автордың ойынша, мықты компаниялар араласқан мынадай үлкен кеніштен СоnocoPhilips-тің мол пайда табуы неғайбіл. Себебі оның Қашағандағы әріптестері - мемлекеттік «ҚазМұнайГаз», Eni, ExxonMobil, Shell және Total сияқты ірі компаниялар. Бұл компаниялардың жобадағы үлесі - 17 пайыздан. Соңғы 12 жыл ішінде бұл консорциум Қашағаннан 12 миллиард баррель мұнай алу үшін, 50 миллиард доллар капитал салған.

«КЕДЕРГІСІ КӨП КЕНІШ»

Мақала авторы келтірген деректер бойынша, осыншама мол қаржы жұмсалғанда Қашағаннан тәулігіне 400 мың баррель ғана мұнай өндіріледі. Консорциум уақыт өте келе тәулігіне 1 миллион 500 мың баррель мұнай өндіруді жоспарлаған.

Алайда әріптестер әу баста салған капиталдарын артығымен өндіріп алатындарына күмәндана бастаған. Қашаған кеніші таяз суда орналасқанымен, Каспий теңізінің осы бөлігіне қыста мұз қатады. Суық дауылдан қолдан жасалған арал мұз құрсанып, жұмысқа кедергі келтірген соң компаниялар кенішке қосымша құрылыстар жүргізуге мәжбүр болған.

Қала берді мұнай қысымы артқанда оның құрамындағы күкіртті сутегі шамадан тыс көбейеді. Оны шикі мұнайдан айырып алу да артық жұмыс.

Forbes «Қашағандағы мұнай компаниялары бірнеше жылдан бері осы тектес бірқатар қиындықтарға кезікті» деп жазады. 2007 жылы Қазақстан үкіметі «артық шығын көбейіп кетті» деп жобаны жаппақ та болған. Сол жолы Италияның Eni компаниясына біраз қысым жасалды. Биылғы жылдың басында Италияның прокуратурасы «Eni компаниясы Қазақстан жағына 20 миллион доллар шамасында пара берген» деген күдікпен тергеу жүргізіп жатырмыз» деп мәлімдеді. «Бірақ бұл жаңалық емес» дейді мақала авторы. Себебі 2003 жылы АҚШ-тың федералды жоғарғы соты америкалық бизнесмен Джеймс Гиффенге «Chevron, Exxon және Conoco фирмаларының мүдделерін қорғау үшін Қазақстан жағына 78 миллион доллар пара берді» деген айып таққан.

Бұл күндері консорциум Қазақстан үкіметімен келісудің басқа амалын тапты. Мамыр айында олар «ҚазМұнайГаздың» 1 миллиард доллар қарызын өтеп беруге келіскен.

Қашағанды толық игеру кезеңі аяқталғанда, оның шығыны 200 миллиард долларға жетіп, 40 миллиард баррель мұнай өндіруі мүмкін.

Алайда бұл жобаның айналасында саяси кедергілер де көбейгендіктен ConocoPhillips компаниясы Қашағанда ары қарай жұмыс істеуге құлқы жоғын білдірді. «Компания жобаның келесі кезеңдеріне капитал салуға да ниетті емес» деп жазады Forbes.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG